Нидерланды ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға белсенді дайындалып жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Нидерландының Ұлттық павильонында су ресурстарын басқарудағы бірегей тәжірибе, сондай-ақ «жасыл экономика» және энергияның баламалы көздері саласындағы озық технологиялар ұсынылады, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметінен.

Нидерланды Корольдігінің Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасы Елшілігінің қатысуымен Голландия Үкіметі мен «Royal Dutch Shell» компаниясы арасында ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою рәсімі өтті.

Рәсімге Нидерланды СІМ, «Royal Dutch Shell» компаниясының өкілдері, Нидерландыдағы Қазақстан елшісі Мағжан Ілиясов, Қазақстандағы Нидерланды елшісі Дирк Ян Коп, сондай-ақ Нидерландыдағы ЭКСПО-2017 Ұлттық комиссары Ханс Дриссер қатысты.

Келісім қомақты қаржылық қолдаумен қатар, Нидерланды Үкіметі мен «Royal Dutch Shell» компаниясы арасында Нидерланды Ұлттық павильонын сапалы жасақтандыру үшін тығыз ынтымақтастықты көздейді. Голландықтар су ресурстарын басқарудағы бірегей тәжірибесімен бөлісіп, сондай-ақ «жасыл экономика» және баламалы энергия көздеріне қатысты озық технологияларын таныстырады.

Нидерланды ЭКСПО көрмесіне қатысуда бай тәжірибеге ие. Бұл Лондонда 1851 жылы өткен бірінші дүниежүзілік көрмеге қатысқан санаулы елдерді бірі.

Астанада өтетін көрменің «Болашақ энергиясы» тақырыбы Нидерланды үшін ерекше өзекті. Өйткені, бұл ел 2050 жылы энергиямен жабдықтауды толығымен жаңартылатын қуат көзіне көшіруге ниеттеніп отыр. Осы мақсата елде 1 мыңнан астам жеке кәсіпорындар мен энергетикалық одақтарды біріктіретін Жаңартылмалы энергетика қоры құрылған.

ЭКСПО-2017 көрмесінің жаһандық демеушісі бола отырып, «Royal Dutch Shell» компаниясы сондай-ақ Астанадағы көрмеде жеке корпоративтік павильонды таныстыруға ниетті, онда болашақ энергетикасы саласындағы компанияның ғылыми әзірлемелері мен инновациялары ұсынылады.  

 

Соңғы жаңалықтар