Мырзахметов кәсіпкерлерді толғандыратын 6 мәселені атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы еліміздегі кәсіпкерліктің дамуына қатысты тұңғыш рет ұлттық баяндама әзірледі.

Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметі отырысында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов мәлім етті.

Ол өз сөзінде палата ішкі заңдарына сәйкес тұңғыш рет 1 жылдағы кәсіпкерліктің жағдайы, әл-ауқаты мен дамуына қатысты ұлттық баяндама әзірлегендігін атап өтті.

«Осы баяндамаға сәйкес қазіргі кәсіпкерлерді толғандырып отырған 6 мәселе туралы айтпақпын. Оның ішіндегі 4 мәселе қатты ойландырып отыр. Біріншісі,  зерттеуге қатысқан 10 мыңнан астам кәсіпкердің 85 пайызы нарықтың тарылуы мәселесін көтеруде. Яғни, бұл соңғы 1 жылда орын алған мемлекет тарабынан бюджеттің ықшамдалуына, негізі экспортшы компаниялар тарабынан тапсырыстардың қысқаруына, соған орай тұтынушылардың шығындарының азаюына байланысты деп санаймыз», - деді ол.

Төраға екінші мәселе ретінде қаржы көздерінің  жетіспеушілігін айтты.  Сұралған кәсіпкердің әрбір 5-шісі айналымға несиенің жетіспеушілігін көлденең тартса, 40 пайызы банктен алынатын несие пайызының үлкендігіне шағымданған.

«Үшінші мәселе - кәсіпкерлердің құқықтық қорғалуы, әкімшілік кедергілер. Сұралған кәсіпкерлердің барлығы  әкімшілік кедергілер мен жемқорлық мәселелерін көтерді. Төртінші мәселе  бұл салық саласындағы қысымдардың артуы.  Зерттеуге қатысқан кәсіпкерлердің 38 пайызы осы мәселені көтеріп отыр», - деді А.Мырзахметов.

Мұнан бөлек, оның сөзіне қарағанда, кәсіпкерлер өздеріне кедергі келтіретін жайттар ретінде адам капиталы мен инфрақұрылымдық мәселелерді көтерген.

Соңғы жаңалықтар