Моңғолияда бүркітшілер сайысы өтіп жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Моңғолияның қазақтары көп тұратын Баян-Өлгей аймағында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Бүркітшілер» тойы (Eagle festival - 2016) басталды.

«Қазақстан» телеарнасының хабарлауынша, «Бүркітшілер» тойының ашылу салтанатында Қазақстан Республикасынан келген бүркіт баптаудың бас жаттықтырушысы Базарбек Күнтуғанұлы ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті, Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханның құттықтау хатын табыс етті.
Саяттөбеде басталған саятшылар байқауына әлемнің 10-нан астам елдерінен 90 құсбегі қатысты. Мыңға жуық шетелдік турист тамашалап жатқан бүркітшілер тойы екі күнге жалғасады. Онда ат жарысы, теңге ілу, садақ ату, қызқуар, көкпар қатарлы ұлттық ойындар да жүргізіледі. Сонымен қатар этно спорттық байқауда түрлі ұлттық қолөнер кәдесыйларын сатып алуға болады.

Жарыстың бірінші кезеңінде құсбегілердің киімі, ат әбзелдері бағаланып, қажет құрал-жабдықтары тексерілді. Бұдан соң сайыс қыранды қолға шақыруымен жалғасты.
Жарысқа ең жас бүркітші ретінде күллі әлемге танылған Моңғолиядағы қазақ қызы Айшолпан Нұрғайыпқызы да қатысуда.
Еске сала кетсек, 20th Century Fox Animation студиясы режиссер Отто Беллдің ата-баба дәстүрін жалғастырып, бүркітшілік кәсіпке ден қойған қазақ қызы Айшолпан Нұрғайып туралы «The Eagle Huntres» деректі фильмін түсірген болатын.







Фотолар Сейітхан Шынарбектің Фейсбуктегі парақшасынан алынды

Соңғы жаңалықтар