Мемлекеттік қызметтің жаңа жүйесі: басшылыққа дейін өсіру қалай жүргізіледі

None
None
Астана. ҚазАқпарат - Қазақстандағы мемлекеттік қызмет аппаратында меритократия негіздерін, яғни қызметкерді сатылап өсіру жүйесін енгізгелі бері министрліктер мен әкімдіктерде істейтін азаматтардың тарапынан конкурстың ашықтығына, аппеляцияға және еңбек өтілін санауға қатысты сан алуан сұрақтар көптеп қойыла бастады. Осыған байланысты ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің мамандары Астанада арнайы брифинг өткізіп, мемлекеттік қызметкерлерді мазалап жүрген сауалдарға жауап берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

«Мәселен, Ақмола облыстық әкімдігінде жұмыс істейтін бір маманннан сұрақ түсті. Ол бөлім бастығы қызметіне өтініш бергісі келіп жүр. Бірақ бас маман бойынша еңбек өтілі жоқ. Ал мемлекеттік қызметтің жаңа жүйесі адамның сатылап көтерілуін көздейді. Қызметкер жоғары қызметке ауысу үшін өзінен төменгі сатыда, кем дегенде, бір жыл жұмыс істеуі тиіс. Сондықтан Ақмола облысынан сауал жолдаған азаматқа айтарым, ол бөлім басшысы қызметіне ауыса алмайды», - дейді мемлекеттік қызмет департаментінің міндетін атқарушы Жарқын Тілеукенов.

Оның айтуынша, бүгінде кез келген мемлекеттік органда босаған орын бойынша алдымен ішкі конкурс өтеді. Оған аппарат қызметкерлерінен бөлек, аймақтық бөлімшелердің мамандары да қатыса алады. Бірінші кезеңде жеңімпаз анықталмаса, конкурстың екінші кезеңі жарияланады. Оған барлық мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне қатысуға болады. Онда да лайықты адам табылмай қалса, үшінші кезең - жалпы конкурс өткізіледі. Сол кезде жоғары оқу орындарының түлектері де өз кандидатураларын ұсына алады. Алайда, конкурстардың басым бөлігі - 80 пайызы бірінші сатыдан аспай жатады, яғни бос тұрған орынға сол мемлекеттік органның ішінен лайықты азамат табылып отырады. Конкурстардың 20 пайызы екінші және үшінші кезеңге тиесілі.

«Бұрын басшы өзіне жақын немесе жақсы танитын адамдарды қызметтік ауыстыру тетігі арқылы тағайындайтын. Басқалары тыс қалып отырды. Себебі олар тікелей бастықпен жұмыс істеген жоқ. Сонда оның жеке қабілеттері қызметке қойылған адамнан жоғары болса да, басшылық тарапынан ескерілмейтін еді. Ондай жүйе кезінде мемлекеттік қызметкерлердің өсуге деген ынтасы болмайтын. Оған қоса, мемлекеттік аппаратқа деген сенім де төмен болды. Қазір бәрі басқаша, конкурс арқылы кез келген адам өзінің жеке қабілеттерін көрсете алады. Сөйтіп, жоғары лауазымға көтерілуге мүмкіндік бар», - дейді Ж.Тілеукенов.

Соңғы жаңалықтар