Қызылордада қаз бен үйректі өндірістік бағытта өсіру қолға алынды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Үстіміздегі жылдың шілде айында «Жан-Арай Агро» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі құрылып, облыста бірінші болып қаз бен үйректі өндірістік бағытта өсіруді қолға алып отыр.

Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының хабарлауынша, Алматы облысынан 10 мың дана жұмыртқа әкелініп, бүгінгі таңда 7 мың бас қаз бен үйректің балапандары өсірілуде. Осылайша қала халқын экологиялық таза құс етімен қамтамасыз етумен қатар, үй жағдайында құс өсіруге қызығушылық танытқан тұрғындарға қаз бен үйрек балапандарын сату көзделіп отыр. Қаз бен үйрек өсіру жеке үй жағдайында өте тиімді, көп қаражатты қажет етпейді және әрбір отбасы өзін-өзі сапалы құс етімен толық  қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Жан-Арай» ШҚ кепіл болып «Жан-АрайАгро» ауылшаруашылық өндірістік  кооперативі құрылып, оған 1 шаруа қожалығы және 8 жеке кәсіпкер мүше болып кірді.
Шаруа қожалығы инкубатордан балапан шығару және жеке кәсіпкерлерді түрлі қоспалармен (витаминдермен) байытылған құнарлы жеммен қамтамасыз етеді, ал 7 жеке кәсіпкер құс бағумен айналысса, 1 жеке кәсіпкер құсты сойып қаптамаға (пакетке) салып қала тұрғындарына құс өнімдерін ұсынады.
Сонымен қатар, құс өсіруге және бағуға «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы» ЖШС-нан «Жан-Арай Агро» ауылшаруашылық өндірістік  кооперативі кепіл болып 90 млн теңге қаржы алуға қол жеткізіп, әр кооператив мүшесіне 10 млн теңгеден  несие берілді.
Осы  алған қаржыға кооперативке керекті жабдықтар алу  және кооперативтің ғимараты салынуда. Қазіргі таңда құстар салмақ қосып, союға дайын орташа бір қаздың тірілей  салмағы 7-8 кг,  ал үйректің тірі салмағы 4-5 келіге жеткен. Алдағы қараша айының ортасынан бастап 3 мың  бас қаз бен үйректі етке сойып, 15 тонна  сапалы құс етін қала тұрғындарына ұсыну жоспарланған.
Сонымен қатар, 2017 жылы балапан шығаратын жұмыртқаларды сырттан сатып алмай кооператив арқылы дайындау мақсатында құстардың аналығын бөлек бағып, қысқа дайындық жасалуда.
Қазіргі таңда облыс бойынша 104 ауыл шаруашылығы кооперациясы құрылған. Оның 94-і Әділет департаментіне тіркелген болса, 10-ы құжаттарын өткізген. Аталған 104 кооперативтің 17-сі  мал шаруашылығы бағытында, 31-і егіншілік, 32-сі өңдеу саласы бойынша, біреуі -су шаруашылығы, 13-і көпсалалы кооперативтер. 

Соңғы жаңалықтар