Қызылорда облысында 54 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнім өндірілді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы бойынша биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 54,2 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, бұл өткен жылдың 9 айымен салыстырғанда 5,7 пайызға артқан.

Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының хабарлауынша, ауыл шаруашылығының негізгі қорына салынған инвестиция көлемі есепті кезеңде 3 344,2 млн теңгеге жетті. Тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі есепті кезеңде 327,1 млн теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 2,8 есеге көбейді. Сондай-ақ, аграрлық секторға көрсетілген мемлекеттік қолдауға үстіміздегі жылы 8,7 млрд теңге бөлініп, былтырғы жылмен салыстырғанда 7,4 пайызға еселенді.

Облыста егін жинау жұмыстары қорытындыланып, ауыл шаруашылығы дақылдары жиналды. Егін қорытындысы бойынша 86 932 гектар дәнді дақылдар ораққа түсіп, одан 451,2 мың тонна астық өнімі алынды. Негізгі дақыл күріштен 439,8 мың тонна күріш салысы жиналып, күріштің әр гектарынан 54,9 центнерден өнім алынды.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда жиналған күріш көлемі 3,8 мың гектарға кем болғанына қарамастан, жалпы өнім 16,2 мың тоннаға артық.

Сонымен қатар, әртараптандыру бағытындағы майлы дақылдардан 5 003 тонна өнім жиналды, 4 755 га картоп, 4 992 га көкөніс және 7 196 га бақша дақылдары жиналып, 73 038 тонна картоп (2015 жылы - 61552 тонна), 96 732 тонна көкөніс (2015 жылы - 84814 тонна) және 151 514 тонна бақша өнімдері (2015 жылы -130270 тонна) жиналды.

Дүбірге толған егін даласында күріш жинау науқанына 1 707 дана трактор, 837 дана комбайн, 430 жатка, 402 дана тасымал көлігі және 880 дана трактор тіркемесі қатысты. Мал азығы үшін 666,8 мың тонна шөп, 7,7 мың тонна сүрлем және 67,3 мың тонна сабан шөп дайындалды.

Бүгінгі күні облыс бойынша 22055 тонна жоғары репродукциялы күріш тұқымы құйылып, келесі жылдың егісіне дайын тұр. Қазірде тұқым шаруашылықтары дайындаған тұқымдарын себу дәрежесіне жеткізу жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы құрылымдары келесі жылдың егісі үшін 5771 га сүдігер көтеріп, 1 000 га күздік бидай екті. Күздік бидай және сүдігер көтеру жұмыстары жалғасуда.

Облыс бойынша бүгінгі күнге 279,1 мың бас мүйізді ірі қара, 669,3 мың бас қой мен ешкі, 104,9 мың бас жылқы, 39,8 мың бас түйе және 98,6 мың бас құс өсірілуде. Былтырғы жылмен салыстырғанда біршама өсім бар.

Сондай-ақ, шаруа қожалықтарын қоса алғанда барлық агроөнеркәсіп құрылымдарында өндірілген ет, сүт өнімдерінде өсу динамикасы байқалады. Есепті кезеңде ауыл шаруашылық құрылымдарында ет өндіру 3,7 мың тоннаны құрап, 37,0 пайызға көбейді. Ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы сүт өндіру 9,0 мың тоннаны құрап, 2,8 пайызға артты.

Мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы аясында үстіміздегі жылы 3 200 бас аналық сиыр және 108 бас асыл тұқымды бұқа сатып алу жоспарланған. Осыдан есепті кезеңде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 72 шаруашылық 651,9 млн. теңге несие алып, 3698 бас сиыр, (177 бас бұқа) сатып алды.

Соңғы төрт-бес жылда бес мың бастық мал бордақылау алаңын салу жоспарланған болатын. Облыста ауыл шаруашылығы тауарөндірушілері өз қаржыларына салған 2,2 мың басқа арналған 18 мал бордақылау алаңдары жұмыс жасауда. Бұған қоса 3,5 мың бастық мал бордақылау алаңдары жаңадан салынды.

Атап айтқанда, Қазалы ауданы «Сыр маржаны» ЖШС-гі ветеринариялық пунктпен, таразымен, заманауи мал сою пунктімен қамтылған 500 бас мүйізді ірі қараға арналған мал бордақылау алаңының құрылысын аяқтап, өткен жылдың аяғында іске қосты. Ағымдағы жылдың басынан бері кәсіпорында 500 бас МІҚ малы бордақыға қойылып, 370 басы етке сойылды, 61 тоннадан астам сиыр етін аудан және Байқоңыр қалаларының тұрғындарына сатуды қамтамасыз етті.

Бүгінгі күні кәсіпорында 166 бас мал бордақылануда тұр. Сонымен қатар, осы мал бордақылау алаңының қуаттылығын 3000 бас мал бордақылауға жеткізу мақсатында қосымша құрылыс жұмыстары жүргізіліп, бір мезгілде бордақыланатын 3000 бас мал тұратын орынға дейін ұлғайтылды. Қазіргі уақытта бордақылау алаңында 15 адам жұмыспен қамтылып отыр. Ет кластерін жасау үшін бордақылау алаңының жанынан шағын консервілеу зауытын салу жоспарланып, дайындық жұмыстары басталды.

Сырдария ауданындағы «Шаған Жер» ЖШС-ы 3000 бас мүйізді ірі қара малдарын бордақылауға арналған алаңының құрылысын аяқтап, бордақыға қоятын МІҚ малдарын алуға қаржы көздерін қарастырып жатыр.

Мұнан өзге Сырдария ауданында 10,0 мың басты қой бордақылау алаңы мен жылына 250,0 тонна қозы етін өндіретін кешеннің құрылыс жұмыстарын бастады. Бүгінгі күні 2 100 бас асыл тұқымды ет бағытындағы қой сатып әкелінді.

Уақыт талабына сай облыс бойынша 104 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып (мал шаруашылығы саласында - 20, егіс саласында - 31, көпсалалы - 20, су шаруашылығы - 1, өңдеу саласы - 32) жұмыс істейді..

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласы бойынша алдағы 2016-2017 жылдары АӨК саласында жоба құны 29,2 млрд. теңгенің 17 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып, 1174 жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.

Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру және нарықты өнімдермен молайту мақсатында өңірлік тұрақтандыру қоры жұмыс жалғасын табуда. Бүгінгі күнге тұрақтандыру қорында 2 564,4 тонна өнім (өсімдік майы-2,9 тн, қант - 161,3 тн, шай - 0,1 тн, күріш - 578,9 тн., ұн - 716,52 тн, картоп-618 тн, жуа-200 тн, сәбіз-150 тн, құс еті-74,8, макарон-62 тонна,) сақталып, 13 әлеуметтік-сауда дүкендері және «Әл-Асад» сауда үйімен жаңадан жасалған әріптестік келісім негізінде қала мен аудандарда орналасқан 17 сауда орындары арқылы сатылып жатыр.
Облыста азық-түлік тапшылығын болдырмай, нарықты молайту мақсатында «Мирас» сауда үйімен жасалған әріптестік келісім негізінде 2015 жылы 17 792 тонна өнім сатылған болса, 2016 жылы 12 758,0 тонна өнімдер нарық бағасынан 15-20 пайызға төмен бағада сатылды. Әріптестік келісімнің нәтижесі оң әсерін бергендіктен, ӘКК тарапынан 20 млн. теңге қосымша қаражат бөлініп, келісім 2019 жылға дейін ұзартылды. Жыл басынан Қызылорда қаласы мен аудан орталықтарында 30 жәрмеңке өткізіліп, 332,3 млн. теңгенің 3 458,6 тонна өнімдері нарықтан 10-15 пайыз төмен бағада сатылды.

Соңғы жаңалықтар