Қызылқақ ауылындағы құқық қорғаушылар мен ауыл тұрғындары көлдегі шаян үшін қақтығысқан

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысының ішкі істер департаменті 14 қыркүйек күні Қызылқақ ауылында орын алған құқық қорғаушылар мен жергілікті тұрғындар арасындағы «төбелеске» қатысты түсініктеме берді.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берген облыстық ІІД басшысының бірінші орынбасары Назымбек Жүнісов бұл оқиғаға қатысты ойын айтты.

Оның дерегіне сүйенсек, Ертіс ауданындағы тұзды көлді тексеру үшін Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Жедел әрекет ететін жасақ қызметкерлері оқиға орнына жөнелтілген екен. Оның айтуынша, 11 қыркүйек күні Қызылқақ көлінің маңында ашуға бұлыққан ауыл тұрғындары көлдегі артемия шаянын аулуға еркін рұқсат беруді талап еткен.

«Ауыл тұрғындарына бұл әрекеттің заңсыз екені айтылған. Алайда, ауыл тұрғындарынан құралған бір топ адам шаян аулауын тоқтатпаған. 14 қыркүйек күні ауданға полицияның қосымша күші жіберілді. Қызылқақ ауылына барғанда, полицияның алдынан 20-25 адам шығып, құқық қорғаушыларды «қорқытып», көлдегі күзетті алып тастау туралы ультиматум қойған. Полиция оларды қолға түсірерде, бір адам қашып кетіп, тығылуғы тырысқан. Оны ұстау барысында самбо әдісі қолданылды. Екінші адам мотоцикл мініп қашамын деп, мотоциклынан құлады да жарақат алды»,-деп түсіндірді облыстық ІІД басшысының орынбасары.

Н.Жүнісовтың айтуынша, құқық қорғаушылар қарсылық танытқан адамдарға ғана күрес әдістерін қолданған.

«Сол күні ҚР Қылмыстық кодексінің 379 бабы, 1 тармағы, яғни «Билік өкіліне бағынбау» бабы бойынша көзделген қылмысқа қатысты сот алды тергеу басталды. Тергеу әділ әрі ашық болмақ»,-деді ол.

Бұрын хабарлағанымыздай, осы оқиғадан кейін жергілікті ауруханаға  бес адам көмек сұрап барған.

Соңғы жаңалықтар