Қытайдағы қазақтардың діни көзқарасына, салт-дәстүріне еркіндік берілген - Зо Фың

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдағы қазақтардың және өзге де ұлттардың көзқарасына, салт-дәстүріне еркіндік берілген. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Астанаға іссапармен келген ҚХР мемлекеттік кеңесі, адам құқықтары жөніндегі мекемесінің бақылаушысының орынбасары Зо Фың мәлім етті.

«Қытайда дінге сену, сенбеу әркімнің өз еркінде. Кім қандай дінге сенеді, қандай діни шараларға қатысады, барлығына ешқандай шектеу жоқ. Бүгінде Шыңжаңда 23 миллионнан астам  адам өмір сүреді. Соның ішінде 10 миллиондай халық ислам дінін ұстанады. Шыңжаңда 24 мыңнан астам мешіт бар.  Ислам діні бойынша діни қызметкерлер 29 мыңнан асады. Бұл көрсеткіш  ислам мемлекеттерінде көп кездесе бермейді. Мұсылмандардың Қажылыққа баруы да ашық жолға қойылған. Қазір Шыңжаңда әр жылы 3800-дей адам Меккеге барып парызын өтейді. Мемлекет тарапынан оларды медициналық бақылауға, ұйымдастыру шараларына арнайы қаржы бөлінеді. Бұл Сауд Арабиясы Корольдігі мен Қытай елінің  арнайы келсімдері арқылы  жүзеге асып отыр», - деп атап өтті Зо Фың.

Оның айтуынша Қытай мемлекеті Ислам діні мен терроризмді ешқашан байланыстырмайды.

«Қытайда мектептегі балаларға, жасөспірімдерге арналған арнайы заң бар. олардың қауіпсіздігіне, алаңсыз білім алуына діни шаралар кедергі болмауы керек. Мемлекетіміз  қалыпты діни шаралар мен терроризмді бөліп қарайды.  Ислам діні мен  терроризмді ешқашан байланыстырған емес. Бұл тұрғыда көзқарасымыз Қазақстанның  ұстанып отырған саясатымен бірдей деп санаймыз. Терроризм әлемге  қауіп төндіреді. Қоғамның тыныштығын бұзады. Бейкүнә адамдардың жазықсыз өлімін ешкім қолдамайды. Біз әлемдік ұйымдармен бірге терроризмге үзілді-кесілді қарсымыз», -дейді  ҚХР мемлекеттік кеңесі, адам құқықтары жөніндегі мекемесінің орынбасар бақылаушысы Зо Фың.

Сонымен бірге ол Қытайдағы қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігін тілге тиек етті.

«Мен қазақтар қоныстанған аймақтарда көп жұмыс жасадым. Ол жақта қазақтар бай-бақытты тұрмыс өткізіп жатыр деп айта аламын. Өзге ұлт өкілдері секілді олардың  салт-дәстүрінің өркендеуіне, діни сеніміне барлық мүмкіндіктер берілген»,- дейді ол.

Соңғы жаңалықтар