ҚР Ұлттық экономика министрлігі 2016 жылғы мұнайдың болжамды бағасын көтерді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрлігі 2016 жылғы мұнайдың болжамды бағасын көтерді. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын таныстырған ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлім етті.

«Әлемдік экономиканың ағымдағы жағдайын, тауар нарықтарындағы конъюнктураны және ағымдағы жыл басынан бері Қазақстан экономикасы салаларының даму қорытындыларын ескере отырып, 2016 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы нақтыланды. Бұл ретте мұнайдың орташа жылдық бағасы бір барреліне 30 АҚШ долларынан 35  АҚШ долларына дейін өсті, металл бағаларының өзгеру индексі 2015 жылдың деңгейіне 15-тен 12,7 пайызға дейін төмендеді, АҚШ долларының орташа жылдық есептеу бағамы бір АҚШ долларына 360 теңге деңгейінде сақталды», - деді ол.

Министрдің айтуынша, ағымдағы жылдың басынан бергі экономика салаларының даму серпінін және жаңартылған сценарийлік жағдайларды ескере отырып, 2016 жылы ІЖ0Ө-нің өсуі бұрын мақұлданған 0,5 пайыз деңгейінде қалады. Атаулы ІЖӨ 44 354,0 млрд. теңге көлемінде болжанып отыр, бұл ақпан айында мақұлданған көрсеткіштен  187,5 млрд теңгеге артық. Халықтың жан басына шаққандағы ІЖӨ-сі 6,9 мың АҚШ долларын құрайды.

«2016 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі көлемінің өсуі 3,6% деңгейінде күтілуде. Кен өндіру өнеркәсібінде өндірістің 3,4 пайызға қысқаруы салдарынан, 2016 жылы өнеркәсіп 1,7 пайызға төмендейді. Саудада 3,5 пайызға төмендеу болжануда, бұл ретте көлік пен қоймалауда көрсетілетін қызметтер 4,0 пайызға өседі», - деді Қ.Бишімбаев.

Соңғы жаңалықтар