Қостөбедегі төтенше жағдайдан кейін Талас өзеніне бөгет салынды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Байзақ ауданы Қостөбе ауылында тұрғын үйлерді су басудың алдын алу үшін аз уақытта Талас өзенінде бөгет тұрғызылады, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте белгілі болды. Журналистердің сауалдарына Байзақ ауданының әкімі Мұратхан Шөкеев және ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі су ресурстары Комитетінің су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Шу-Талас бассейндік инспекциясының басшысы Жұмабек Мұхатов жауап берді.

Бұрын хабарланғандай, 5 қазанда Байзақ ауданында жергілікті көлемде төтенше жағдай енгізілген. Талас өзеніде су тасып Қостөбе ауылындағы тұрғын үйлерді су алып кеткен. Бұл Киров су қоймасынан мөлшерден тыс су жіберу салдарынан болды.

«Төтенше жағдай салдарын жою үшін азаматтық қорғаныс бойынша аудандық бөлімнің 10 қызметкері, Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар қызметінің 10 қызметкері, Қостөбе ауылының 25 тұрғыны тартылды, - деді Ж. Мұхатов. - Сонымен қатар 12 техника жұмылдырылды».

«Талас» теміржол стансасынан Тараз стансасына дейінгі тас жолда жүк көліктерінің жүруіне уақытша шектеу қойылды.  Жергілікті атқарушы органдар мен Төтенше жағдайлар қызметі тәулік бойы оқиға орнын бақылауда, деп атап өтті Байзақ ауданының әкімі.

Жамбыл облыстық әкімдігі Қырғызстан Республикасының Талас облысының әкімшілігімен бірлесе Киров су қоймасынан су жіберуді азайту мүмкіндігі туралы мәселе қарастырылып жатыр.

Соңғы жаңалықтар