Қостанайлық зауыт автобус құрастыруды қолға алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қостанайдың машина зауыты қытайлық компаниямен бірлесіп, автобус құрастыруды қолға алды, деп хабарлайды «Хабар 24» телеарнасы.

Қоғамдық көліктер жыл соңына қарай сатылымға шығарылады. Келешекте машиналар Ресей мен Беларусь Республикасының нарығына экспортталмақ.

Автобустың бөлшектері Қостанайдың машина зауытына дайын күйінде келеді. Бұған дейін көліктің бірнеше түрін шығарып тәжірибе жинақтаған жергілікті жұмысшыларға автобус құрау қиынға түскен жоқ, жылдам меңгеріп кетті.

- Бір апта бойы Қытайдан келген мамандар бізді оқытты, бірге құрастырып көріп, үйреніп алдық. Әзірге ірі бөлшектерден құрап жатырмыз, болашақта бұл автобустарды ұсақ бөлшектерден бастап жинайтын боламыз, дейді құрастыру цехының шебері Темірхан Мұқабаев.

Кәсіпорында қоғамдық көліктің ұзындығы 8 метрден бастап 12 метрге дейінгі үш түрі құрастырылады.

- Автобустар «еуро 5» экологиялық талаптарына сай келеді. Газбен де, дизельді отынмен де жүреді. Ұзындығына қарай орын саны көбейе береді. Мұнда жолаушыларға жайлы болуына баса мән берілген, дейді Коммерциялық техникаларды құрастыру цехының басшысы Байғали Исмағұлов.

Жаңа автобустардың бағасы 26 млн теңге шамасында. Оны өтімді ету үшін арнайы қаржылық қолдау жағы да қарастырылған. Болашақта қоғамдық көліктердің қалааралық, туристер мен оқушыларға арналған түрлері де құрастырылмақ. 

Соңғы жаңалықтар