Қазақстандықтар Қытайдың кедей өңірлеріне көпір салуға қаржы жинауға жәрдемдесті

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - 22 қазанда қазақстандық дипломаттар, ұлттық компания өкілдері және Қытайда оқып жатқан студенттер «Love knows no borders» («Мейірімділіктің шекарасы жоқ») 8-ші халықаралық жәрмеңкесінде қайырымдылық шарасын ұйымдастырушыларға 13 100 юань (642 мың 162 теңге) жинап берді.

Қаражат ҚХР-дың Гуанси-Чжуань автономиялық ауданындағы жағдайы төмен Линъюнь мен Тяньлинь уезінде көпір салуға бағытталады, деп хабарлайды ҚазАқпараттың Қытайдағы меншікті тілшісі.

Бейжіңдегі күннің салқын болғанына қарамастан «Құс ұясы» олимпиадалық стадион жанында өткен шара мерекелік көңіл күйге толы болды. Жәрмеңкеге Қытайда тіркелген 70 шет елдің және халықаралық ұйымдардың өкілдіктері қатысты.
Қазақстанның павильонында сатылуға ұлттық зергерлік бұйымдар, ас түрлері, сусын мен тәттілер, тоқылған бұйымдар, таспиықтар шығарылды.

ҚР павильонына алғашқылардың бірі болып ҚХР Сыртқы істер министрі Ван И жұбайы Цянь Вэймен бірге келді, оларды Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев қарсы алды.


Еске сала кетсек, қайырымдылық жәрмеңкесі 2009 жылдан бері Қытайдың сыртқы істер министрінің жұбайының қолдауымен өткізіліп келеді. Жеті мәрте өткізілген жәрмеңкеде 20 млн юань жиналып, сол елдің өңірлеріндегі кедей-кепшіктердің тұрмысын жақсартуға бағытталған.

2014 - 2015 жылдары өткен қайырымдылық шарасында қазақстандықтар 18 мың юань (сол кездегі құны шамамен 3 мың доллар көлемінде) және 19 700 юань шамасында қаражат жинаған. Бұл шараға қатысушылардың жинаған қаржыларының ішіндегі қомақтысы.




Соңғы жаңалықтар