Қазақстанда жүзден асқан 570 қария бар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 1 қазан күні Қазақстанда дәстүрлі түрде Қарттар күні тойланады. «Үкімет - азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясы қарттар мен зейнеткерлерге құрмет көрсетті. Елдегі 14 өңірде және Астана мен Алматы қалаларында мейрамға арналған түрлі іс-шаралар өтті, деп хабарлады мемлекеттік корпорацияның баспасөз қызметі.

Астанада «Үкімет - азаматтар үшін» қызметкерлері Жұмаш Шаямановаға қонаққа барды. Мереке қарсаңында Жұмаш әжей 100 жасқа толды. Жұмаш әжейдің тағдыры өткен ғасырда туған адамдардың тағдырымен ұқсас. Ақмола облысының тумасы Жұмаш әжей соғыс жылдары тылда еңбек етті, колхозда сауыншы болып жұмыс істеді. Соғыс жылдары туыстары мен жақындарын жоғалтып алған ол 1960 жылы өз анасы мен әпкесімен қауышады. 80-жылдардың басында Жұмаш апай Целиноградтағы балаларына көшіп келеді. Бүгінде ол 4 ұлынан 16 немере, 29 шөбере және 7 шөпшек көріп отыр.

«Қазақстанда бір ғасырдан астам жасағандардың саны - 571», - деді «Үкімет - азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясы Әлеуметтік төлемдердің мекемеаралық есеп орталығының директоры Серікхан Сабыржанов. «Жұмаш әжейдің туған күні - 30 қыркүйек. Мереке қарсаңында туған күнімен және мерейлі жасымен құттықтауға келдік, сыйымызды табыс еттік».

Сонымен бірге, Астанада мемлекеттік корпорация қызметкерлері Қарттар мен мүгедектер үйіне барып, мерекемен құттықтап қайтты және сұрақтарға жауап беріп, үлкен теледидар тарту етті. Өскеменде, Ақтөбеде, Тараз бен Павлодардағы «Үкімет - азаматтар үшін» қызметкерлері қарттар үйінде мерекелік концерттер ұйымдастырды. Алматы, Ақтау, Қарағанды және Көкшетауда зейнеткерлерге азық-түлік кәрзеңкелері табысталды. 1 қазан - Қарттар күні «Үкімет - азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясының офисіне келген зейнеткерлер де сыйлықтарға ие болды.  

Соңғы жаңалықтар