Қазақстанда күйікті емдеудің жасушалық технологиясы жасалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда күйіктің 3-4 дәрежедегі ауыр түрін және тез жазылмайтын және асқынып кеткен жараларды емдейтін инновациялық жасушалық препарат жасалды.

Бұл жасалымды қаржыландыру үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінен 76 млн. теңге, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Ұлттық технологиялық даму агенттігінен 19 млн. теңге қаржы бөлінді.

Емдеу үшін операция жағдайында жарақатталған денедегі күйіктің үстіне суспенсияны бүрку қажет. Жарақатталған денеге түскен жасуша биологиялық белсенді заттар, гормондар және жасушалардың жас өскіндерін бөліп, организмнің өз жасушалары жетіле бастауына әсер ете бастайды.

Бүгінде препарат Республикалық шұғыл медициналық көмек орталығында және Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтында күйікке ұшыраған және созылмалы жаралары бар сырқаттарға ойдағыдай қолданылып, байқап көру жүргізілуде.

Жасалған жасушалық препарат терінің және күйік жарақатының тез жазылуын және қалпына келуін екі есе арттырады, аурулардың бұдан әрі мүгедектікке ұшырауын төмендетеді, медициналық қызметтердің сапасын арттырып, ең бастысы, 3-4-ші дәрежедегі кең көлемде күйік алған адамдардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

«Фиброспрей» жасушалық препаратына инновациялық патент берілді. Бұл жасалым «Шапағат-2012» конкурсында «Жыл өнертабысы» аталымында марапатталды, 2012 жылы «Инновациялық Қазақстан» форумы ауқымында «Технологияларды коммерцияландыру реакторы» секциясында үшінші жүлделі орынға ие болды. Ал 2013 жылы аталған препарат «Инновациялық форсаж» жобасы телевизиялық конкурсында финалистер бестігіне кірді. Бұл препаратты алдағы уақытта экспортқа шығаруға да болады.

Соңғы жаңалықтар