Қазақстан азаматтары ішкі туризмге көбірек назар аудара бастады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстаннан шет елге баратын туристердің қатары азайды. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Туризм индустриясы департаментінің директоры Марат Иғалиев мәлім етті.

«Биыл біз еліміздегі ішкі туризмнің және Қазақстанға келетін туристердің өскенін байқап отырмыз, сондай-ақ елімізден шет елге баратын туризмнің төмендегені тіркелді. Бұған ең алдымен әлемдік қаржылық сектордағы өзгерістер, сонымен қатар өзге де жаһандық үдерістер ықпал етті. Мәселен, Еуропада қауіпсіздікке қатысты, көші-қон бағытындағы белгілі бір мәселелер бар. Осы ретте туризм Оңтүстік Шығыс Азияға қарай жылжып келеді. Атап айтқанда, біз осы жолда тұрмыз және Қазақстанда бұл үдерісті пайдаланып, туристерді тартуға мүмкіндіктер баршылық»,-деп тоқталды ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен Қазақстанның ішкі туризмін дамытуға арналған дөңгелек үстелде.

Осы орайда М. Иғалиев алдағы жылы елордада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін барынша ұтымды пайдалану керектігін сөз етті.

Таратылған мәліметтерге қарағанда, республиканың ЖІӨ-дегі туризмнің үлесі шамамен 0,9 пайызды құрайды (тек жатын орын және тамақтану бойынша қызмет түрлерін есептегенде). 2016 жылдың I жартыжылдығында ішкі туристер қатары 2,1 млн адамды құраған. Бұл өткен жылғы көрсеткішке қарағанда 5,8 пайызға артық. Оның ішінде 217 мың ішкі және 5 мың сырттан келген турист курорттық аймақтарға барған. Ішкі туристердің 73 пайызға жуығы (1,5 миллион адам) қонақ үй, демалыс үйі және өзге туристік базалар секілді орналасу орындарының қызметін пайдаланған.

Соңғы жаңалықтар