Қазақстан аусылға байланысты Ресейден ет жеткізуге шектеу қойды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан аусылға байланысты Ресейден ет жеткізуге шектеу қойды. Бұл туралы бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева мәлім етті.

«Халықаралық эпизоотиялық бюроның ресми нотификациясы бойынша Ресей Федерациясы Владимир облысының Вышманово ауылы аумағында аусыл ауруы тіркелген. Бұл жағдайды ескере отырып, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті бүгіннен бастап Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына бірқатар тауарлар кіргізуіне уақытша шектеулер енгізуді жөн санады», - деді ол.

Бұл тауарларға - аусылға бейім жануарларды, сиыр етін, шошқа етін, қой етін, сүт және сүт өнімдерін, аусылға бейім жануарларды союдан алынған тағамға қолданылмайтын шикізаттар мен бұйымдарын, аусылға бейім малдарды ұстауға, союға және өңдеуге қолданылған жабдықтарын, жануарларға арналған азықтар мен азықтық қоспалар кіреді.

Ауыл шаруашылығы Ресейдің мемлекеттік органдарынан РФ аумағында аусыл дертінің таралуына қатысты толық мәліметті сұратып отыр.

«Біз «Россельxознадзор» тарапына xат жолдадық. Аусыл дертінің қайта шығуына байланысты ақпараттар сұраттық. Біз Қазақстанға аусылды өткізбеу үшін ресейлік шенеуніктермен тығыз жұмыс жасайтын боламыз», - деді вице-министр.

 

Соңғы жаңалықтар