Қазақ радиосы алдағы уақытта да биіктен табылады - Нұржан Мұхамеджанова

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы «Қазмедиа орталығында» Қазақ радиосының 95 жылдығына орай «Халықаралық байланыстар орнатудағы радионың рөлі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде.

«Құрметті қонақтар, Қазақ радиосының ардагерлері және әріптестер! Еліміздегі электронды ақпарат құралдарының қарашаңырағы - Қазақ радиосының эфирге шыққанының 95 жылдығы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы қос мерекемен баршаңызды құттықтаймын! Тәулік бойы эфирге шығатын Қазақ радиосы аудиториясының ауқымы жағынан Қазақстандағы радиостанциялардың ішіндегі абсолютті көшбасшы. Қазақ радиосының биылғы мерекелік жылы Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күніне орай Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталуы ұжымның еңбегіне берілген жоғары баға деп білеміз. Радиомыз алдағы уақытта да осы биіктен табылады деп сенеміз. Ендеше, мемлекеттің әуе толқынындағы үні асқақтай берсін! Қазақ радиосының 95 жылдық тойы құтты болсын!», - деді «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова.

Өз кезегінде Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев ғасырға жуық уақыт аясында Қазақ радиосы талай тарихты бастан өткергенін атап өтті. Осы ретті ол Қазақ радиосы - барша қазақтың рухани тірегі екенін айтты.

«Кешегі өткен өмірімізде, бүгінгі бағындырған биіктерімізде болсын салт-дәстүріміз бен ұлт руханиятын ұлықтау жолында, елдік мәселені күн тәртібіне қоя білуде, ақпараттық заманда қоғамдық пікірді дұрыс жеткізе білуде Қазақ радиосының еңбегі зор», - деді Н. Омашев.

Айта кетейік, шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, отандық БАҚ жетекшілері мен ардагер журналистер, сонымен қатар, Қазақ радиосымен әріптестік байланыс орнатқан шетелдік телерадио мекемелерінің жетекшілері қатысуда.

Түп-төркіні сонау 1921 жылдың қазан айынан басталатын Қазақ радиосы талай тарихты бастан өткерді. Сол кезден бастап Орынбор қаласынан бүкіл республикаға тарала бастады. Қазақ радиосы хабарларды біртіндеп тақырып бойынша топтастырды, дербес және тектес ақпараттарға бөлу нәтижесінде журналистік електен өткізді. Сөйтіп, республикалық эфирден үндеулер, шақырулар, деректер, нұсқаулар, мәліметтер, жаңалықтар үзбей жиі берілетін болды. 1926 жылдың 3 қазанынан бастап Қызылорда қаласында Қазақ радиосы өз хабарларын тұрақты беруді одан әрі жалғастырды. Алматы радиостанциясы 1931 жылы 1 мамырда ашылды. 30-шы жылдар Қазақ радиосының даму жылдары болды.

Радиожурналистика жолға қойылып, радио бұқаралық ақпарат құралдарының бірі ретінде нығайып, бекіді. Бүгінде Қазақ радиосы тәулік бойы 9 тілде хабар таратады: қазақ, орыс, неміс, ағылшын, корей, ұйғыр, әзербайжан, түрік және татар тілінде. Аптасына 148 хабар эфирге шығады.

Соңғы жаңалықтар