Қарағандылық отбасы Елбасын қонаққа шақырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағандыда тұратын Ғабдуллиндер отбасы қараша айында өтетін қоныс тойына Елбасын қонаққа шақырып отыр.

1991 жылы балалар үйінде өскен Бақытгүл Ғабдуллина Президентке көмек сұрап хат жазады. Көпшілік бұған күле қарағанымен, аз уақытта Елбасынан жауап хат келеді. 20 жастағы бойжеткен баспаналы болып, жұмысқа орналасты. Көп ұзамай тұрмысқа шығып, жолдасы екеуі отбасылық бизнес жүргізеді. Қазір олар үй салып жатыр. Бұл - қарағандылық Бақытгүл Ғабдуллинаның Елбасына жолдаған алғыс хаты. 1991 жылы балалар үйінен түлеп ұшып, баспанасыз далада қалған қаршадай қыз көмек сұрап, Мемлекет басшысына хат жазған еді. Көп ұзамай жауап келіп, мемлекеттен оған пәтер берілді әрі бірден жұмысқа орналастырылды. Осыдан соң оның өмірі күрт өзгеріп, ертеңгі күнге деген сенімі артты.

«Жаның жабырқап, жалғыз қалғанда сырттан көмек күтесің. Бұл, әрине, барлығын үйіп-төгіп бере салу деген сөз емес. Сәл қолдау болса жетіп жатыр. Мен Елбасынан осы қамқорлықты сезіндім, келешекке деген көзқарасым өзгерді. Бүгін соның жемісін көріп отырмын», - дейді Бақытгүл Ғабдуллина.

Сол ширек ғасыр бұрын Бақытгүл мен Мирлан шаңырақ көтереді. Жас отбасы қаншама қиындық көрсе де, Елбасының сенімі оларды тек алға жетеледі. Ерінбеді, еңбектенді. Нәтижесіз емес, бүгінде жеке бизнестері бар.

«Қазір кәсіппен айналысамын деген адамға мүмкіндік мол. Маған да мемлекет жер бөліп, шаруамды бастауға шағын несие берді. Соның арқасында мейрамхана салдым. Келешекте ісімді кеңейту жоспарда», - дейді Мирлан Ғабдуллин.

Ғабдуллиндер жанұясы Тәуелсіздікпен бірге өсіп, өркендеп келеді. Бүгінде үлкен ұлдары Шыңғыс медициналық университетте білім алса, қыздары Әмина АҚШ-та оқып жатыр. Олар күміс тойларын зәулім үйде атап өтуді жөн көріпті. Қазір құрылысы аяқталуға жақын. Сөйтіп қараша айында қоныс тойын қоса өткермек. Осы қуанышта ортамызда Елбасы болып, алғысымызды білдірсек дейді бұл отбасы мүшелері, деп жазады «Хабар 24» арнасы. 

Соңғы жаңалықтар