Қарағанды облысында түйнемеге қатысты 51 мал қорымы табылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында түйнемеден өлген мал көмілген 51 қорым анықталды, осы орындарды тәртіпке келтіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл туралы облыстық ветеринария басқармасының басшысы Бауыржан Асанов хабарлады.

«Облыста түйнемелік мал қорымдарын анықтау мақсатында аумақ түгел тексеруден өтті. Жұқпалы індеттен қырылған 51 мал қорымы анықталып, қоршауға алынды және ескерту тақтайшалары ілінді. Түйнемелік қорымдарды анықтау жұмыстарын жүргізу үшін аудан бюджеттерінен 18,3 миллион теңге бөлінді», - деді Б.Асанов өңірдегі эпизоотиялық жағдайға бойынша облыстық әкімдіктің отырысында.

Ақтоғай ауданының екі тұрғыны мен Балқаш тұрғынының түйнеме ауруын жұқтыруына байланысты қызметтік тексеріс жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша, ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Ақтоғай аудандық инспекциясына толық қызметтік сәйкессіздік жарияланды, деп хабарланды отырыста. Дәл осы мекеменің бас маманына қатаң сөгіс берілді.  

Сонымен бірге, ветеринарлық қызметтер мен медициналық мекемелерге жоспардан тыс тексерістер жүргізілді. Ақтоғай ветеринарлық стансасының қызметін прокуратура мен облыстық ветбақылау инспекциясының қызметкерлері тексеруде.

Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков аймақтағы эпизоотиялық жағдайды бақылауды күшейту туралы тапсырма берді.

Еске сала кетейік, тамыз айында Қарағанды Ақтоғай ауданы Жидебай ауылдық округіндегі Үшарал қыстағының екі тұрғыны және Балқаш қаласының ет шабушысы түйнеме ауруын жұқтырды. Инфекция көзі сойылған малдың еті болған. Ауыл тұрғындарының жалған ветеринарлық анықтама арқылы Балқашқа тауар өткізгені белгілі болды.  

Соңғы жаңалықтар