Қ.Бишімбаев кепілдендірілген трансферт мөлшерінің 400 млрд теңгеге төмендеу себебін түсіндірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық қорды пайдаланудың жаңа тұжырымдамасы әзірленеді. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттардың сауалына орай ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлім етті.

Министр отырыс барысында  «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2016-2018 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» ҚР Заңына өзгеріс енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын таныстырған болатын.

«Қарастырылып жатқан Заңға сәйкес 2016 жылы кепілдендірілген трансферттің мөлшері 400 млрд теңгеге азайтылып, ал 2017-2018 жылдары бұрын бекітілген 2480 млн теңгені  қарастырып отырсыздар. Сонымен қатар бүгінгі таңда Мәжілісте 2017-2019 жылдары Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы жаңа Заң жобасы қаралып жатыр. Онда 2017, 2018 және 2019 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт мөлшері керісінше 2 880 млрд теңге деңгейінде жоспарлануда. Сіздер осы жылы трансферт мөлшерін азайттыңыздар, алайда келесі жылдары трансферт мөлшерін осынша сомаға дерлік ұлғайтып  отырсыздар. Осы жоспардың негізгі себебі неде?», - деп сұрады министрден мәжіліс депутаты Айзада Құрманова.

Өз кезегінде Қ.Бишімбаев бұл 2016 жылдың басындағы болжамға байланысты жайт екендігін атап өтті.

«Болжамымыз өте пессемисті түрде жасалған болатын. Қазіргі жағдайда, 8 айды қарағанда болжамымыздан бүгінгі жағдай жақсы деуге болады. Өйткені, экономиканың, оның салаларының өсуі байқалады.  Мұнай өндіру көлемі де ұлғаюда. 8 айдың бұл нәтижесі біздің болжамымыз пессимистік болғанын дәлелдейді. Биыл  800 млрд теңгеден астам қосымша салық кірістері және басқа да кірістер алынады. Осыған орай биыл кепілдендірілген трансфертті төмендетуге мүмкіндік туындайды. Ал келесі жылдарды алар болсақ, Парламентке енгізілген 2017 жылдың бюджетінде біздің болжамымыз консервативті түрде көрсетілген. Ұлттық қорды пайдалану тұжырымдамасына сәйкес  біз жыл  сайын 8 млрд долларды, теңгеге шаққанда 2 880 млрд теңгені алуға құқығымыз бар. Бірақ, осы жылдың соңына дейін жаңа тұжырымдама әзірлейтін боламыз. Өйткені, ұлттық қорды бұлай пайдаланатын болсақ, оның төмендеу қауіпі өте жоғары», - деді Қ.Бишімбаев.

Соңғы жаңалықтар