Инвестициялық дау туралы «Теңізшевройл» ісі Астана сотында қаралады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жоғарғы сот «Теңізшевройл» ЖШС дауын Астана сотында қарау құқығын қуаттады.

«Теңізшевройл» ЖШС Атырау облысы бойынша ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті департаментінің коммерциялық ақпаратты талап ету әрекетіне сот арқылы қарсы шықты.

«Аталған дау бойынша азаматтық істі бірінші инстанциядағы Атырау облыстық арнайы мамандандырылған ауданарлық экономикалық сотына жіберді. Жоғарғы сот бұл дауды инвестициялық қызметпен байланысты деп танып, «Теңізшевройл» ЖШС жеке шағымын қанағаттандырды. Істі бірінші инстанция сотының қағидалары бойынша қарау үшін Астана қалалық сотына жіберді», - деп хабарлады Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.

Айта кетейік, 2016 жылдың басынан бері инвестициялық және инвестициямен байланысты дау-дамайларды бірінші инстанция сотының қағидалары бойынша Жоғарғы сот пен Астана қалалық соты қарауда.

Бұл ереже «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында инвесторлардың мүддесін қорғау және Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсарту үшін жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексінде  қарастырылған. 

 

Соңғы жаңалықтар