Инвестициялар министрлігі жаңа 20 жобаны қолға алмақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрлігі жаңа 20 жобаны жүзеге асыратын болады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын талқылау барысында депутаттар сауалына жауап берген ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті.

«Қазіргі бюджеттен көзделіп отырған 75 млрд теңгеге «Бәйтерек» холдингі нарықтан қосымша 75 млрд теңге тартады. Осы ақшаға 20 жаңа жобаны іске асырамыз. Олар әртүрлі саланы қамтиды. Оның ішінде машина жасау, химия, мұнай химиясы сынды салалар бар. Осы 20 жобаның арқасында 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары құрылады. Бұған қоса, аталған жобалар бюджетке салық ретінде жыл сайын 6,5 млрд теңге түсіреді», - деп жауап берді министр.

Өз кезегінде «Бәйтерек» холдингінің басшысы Ерболат Досаев аталған 20 жобаның 8-і дайын екендігін атап өтті.

«Сіздер қолдап, осы жылы 75 млрд теңге бөлсеңіздер жылдың соңына дейін қолға алған жұмыстарды бітіреміз. Қалған 75 млрд теңгені келесі жылдың басында нарықтан тартамыз», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар