Финляндия мен Швеция Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына инвестиция салуға ниетті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Финляндия мен Швеция Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына инвестиция салуға ниетті. Бұл туралы бүгін ҚР АШМ Инвестициялық саясат және қаржы құралдары департаментінің басқарма басшысы Рахат Нұрғалиев мәлім етті.

Оның айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі шетелдік және отандық инвестицияларды тарту үшін бірқатар жұмыстар атқаруда. Ең біріншіден шетелдік инвесторларға жағдай жасалуда. Атап айтқанда, оларға мемлекет тарабынан қолдау көрсетіліп, салықтық жеңілдіктер, инвестициялық субсидиялар ұсынылуда. Мұнан бөлек, «ҚазАгро» арқылы лизинг-кредит беру де жолға қойылған.

«Еліміздің Сыртқы істер, Инвестициялар және даму министрліктерімен бірлесіп, трансұлттық корпорацияларды ауыл шаруашылығына тарту жұмыстары жүргізілуде. Мұнан бөлек, шетелдегі Қазақстан елшіліктері жанында инвестициялық кеңесшілер бар. Солар арқылы біз сұраныс жіберіп, өзіміздің ауыл шаруашылығы саламыз бойынша ақпарат ұсынамыз, мониторинг жасалады. Жалпы, бұл саладағы біздің басы әріптестеріміз Ресей, Иран, Қытай, Украина, Еуропа елдерінен Чехия мен Франция болып отыр. Қазір Финляндия мен Швеция елдері қызығушылық танытуда», - Р.Нұрғалиев.

Оның сөзіне қарағанда, Иран, Ресей және Қытай елдері Қазақстаның ауыл шаруашылығы саласындағы ірі инвесторлар саналады. Мұнан бөлек, Украина, Чехия және Франция елдерімен де ауыл шаруашылығы саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру көзделген.

«Соңғы 5 жылда агроөнеркәсіп кешеніне 102 млрд. теңгеден астам, оның ішінде өткен жылы 71 млрд. теңге тікелей шетел инвестициясы тартылды. Алдағы 5 жылға да жоспарымыз бар. Өйткені, өнім өндіру үшін өзіміздің қаржы жеткілісіз. Сондықтан біз сырттан да қаржы тартамыз. Мәселен, 1 аптадан кейін Швециядан инвесторлар келеді. Олар Солтүстік Қазақстан облысында жоспарланып отырған инвестициялық форуға қатысады. Ал жалпы, алдағы 5 жылда қанша инвестиция тартылатындығы нақты деректермен айта алмаймыз. Біраз, 102 млрд. теңгеден кем болмайды», - деді Р.Нұрғалиев.

Соңғы жаңалықтар