Елордада «Жыл мұғалімі - 2016» конкурсының жеңімпазы марапатталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада Мұғалімдер күніне арналған салтанатты шара барысында «Жыл мұғалімі - 2016» қалалық конкурсының жеңімпазы марапатталды. Аталған байқауда дарынды балаларға арналған №9 мектептің биология пәнінің мұғалімі Ләзім Қасымова үздік атанды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Шара барысында Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев үздік педагогты және жиналған қауымды құттықтап, сөз сөйледі.

- Мұғалім болу әркімнің қолынан келе бермейді, бұл қызметте қуаныш та, қиындықтар да болады, сіз осы кәсіпке өміріңізді арнап, болашақ ұрпақты тәрбиелеп, оқытып келесіз. Жылдан жылға түлектеріміз, мектеп оқушылары жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Осы үшін зор алғысымды білдіремін, мерекелеріңізбен, - деді Ермек Аманшаев.

Елорда басшысының орынбасары көп жыл еңбек еткен мұғалімдер мен жас мамандарға өз қолынан қызметтік пәтердің кілтін табыстады. 

-  Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің шешімімен жыл соңына дейін әкімдік осы дәстүрді жалғастыратын болады. Меніңше, жыл аяқталғанша Тәуелсіздік күні қарсаңында баспаналы болатын мұғалімдер мен оқытушылар саны он есеге артады, - деді Ермек Аманшаев.

Салтанатты шара барысында түрлі номинациялар бойынша жеңімпаздар марапатталды.

Үстіміздегі жылы №26 «Үміт» балабақшасы үздік деп танылды. Мектептер арасында Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейі топ жарды.

 «Қосымша білім беретін үздік ұйым» номинациясында М. Өтемісов атындағы Оқушылар сарайы көш бастады. Көлік және коммуникация колледжі үздік техникалық және кәсіптік білім беретін ұйым атанды.

Мамандандырылған ұйымдардың ішінде №3 Психологиялық-медициналық- педагогикалық консультация үздік болды, ал №17 мектеп-гимназия инновациялық мектеп атанды.

Мұнымен қоса, №66 мектеп-лицейдің бастауыш сынып оқытушысы Майя Жұбанышқалиева мен орыс тілі және әдебиетінің мұғалімі Қанипа Сәбитоваға «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі табысталды.

«12 жылдық білім беру жүйесін қолдау және ағылшын тілі орталығы» МКҚК директоры Бақыт Қадырова, №6 мектеп-гимназиясының математика мұғалімі Татьяна Анисифирова, №36 ОМ география мұғалімі Лилия Быстрова, №15 мектеп-лицейдің француз тілінің мүғалімі Наталья Пашкова, Энергетика және байланыс колледжінің орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Әлия Закирова ҚР Білім және ғылым министрлігінің ведомстволық наградаларымен, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар