Елордада үздік қазақтілді сайттар марапатталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Назарбаев орталығында» Қазақстан Тәуелсіздігінің 25-жылдығына орай Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қорының үздік қазақтілді интернет-сайт сыйлығын тағайындау рәсімі болып өтті.

Байқау мақсаты - интернет жүйесіндегі үздік қазақтілді  ресурстарды анықтау мен насихаттауға, ақпараттық ресурстар мен сервистердің саны мен сапасын арттыруға, желі қолданушыларының қызығушылығын ұлғайтуға, ақпарат кеңістігінде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге және үздіктердің танымалдылығын көтеруге ықпал ету.

Сыйлық құрылтайшысы - Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы Қоры. Байқау өткізудегі серіктесі мен ұйымдастырушы - Мемлекеттік тілді дамыту қоры.

Байқауға мемлекеттік тілде ақпарат тарататын үкіметтік емес, тәуелсіз қоғамдық сайттар қатысты.

Рәсімге Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, көрнекті қоғам қайраткерлері, ҚР МСМ Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы В Қуаныш Асылов қатысты.

Байқауға республиканың барлық аймақтарынан 30-дан астам өтінім түсті. Байқау комиссиясы 7 аталым бойынша жеңімпаздарды анықтады. «Өткір тіл» - қазақ тілін және ұлттық құндылықтарды насихаттаушы үздік сайт аталымы бойынша www.qazaquni.kz порталы,  «Рухани азық» - қазақ әдебиеті мен мәдениетін насихаттаушы үздік сайт аталымы бойынша www.qasym.kz порталы,  «Терең ізденіс» - қазақ елінің тарихын насихаттаушы үздік сайт аталымы бойынша www.kazmuseum.kz сайты, «Шынайы өмір» - қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылайтын үздік сайт аталымы бойынша www.tobyl-torgai.kz сайты, «Спорт тынысы» - салауатты өмір салты мен спортты насихаттаушы үздік сайт аталымы бойынша www.dodasport.kz сайты, «Білім бұлағы» - білім беретін үздік сайт аталымы бойынша www.martebe.kz сайты, «Жастар әлемі» - жастар тақырыбына арналған  үздік сайт аталымы бойынша www.massaget.kz порталы жеңімпаз болып танылды.

Байқау жеңімпаздарына Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының  дипломдары мен ақшалай сыйлық тапсырылды.

Соңғы жаңалықтар