Еліміздің сот жүйесі өзіне артылған сенімді ақтап келеді - Мирамбек Нағашыбаев

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Биылғы 7 қазанда Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында ҚР судьяларының кезектен тыс VІІ съезі өтпекші. Осыған орай еліміздегі судьялар қауымдастығы алдында тұрған мақсат-міндеттер жөнінде БҚО соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мирамбек Нағашыбаев ҚазАқпарат тілшісіне былайша әңгімелеп берді.

Оның айтуынша, бұдан жиырма жыл бұрын, 1996 жылғы 19 желтоқсанда Алматы қаласында өткен Қазақстан Республикасы судьяларының бірінші съезінде ел тарихында тұңғыш рет судьялар қауымдастығы құрылып, жарғысы, мақсат-міндеттері белгіленгеннен бері сот жүйесінің ең өзекті мәселелері судьялардың ең басты форумында талқыланып келеді. 

Судьялар одағының жарғысына сай судьялар съезі төрт жылда бір рет шақыртылады. 1996 жылдан бері осы күнге дейін 1996, 1999, 2001, 2005, 2009, 2013 жылдары алты съезд өткізілді.

Өткен съездердің басты көтерген мәселелеріне қысқаша шолу жасасақ, 1996 жылы 19 желтоқсанда болған судьялардың бірінші съезінде сот тәуелсіздігінің қоғамдық кепілдігін қамтамасыз ету, судьялар біліктілігі мен беделін арттырудағы негізгі жұмыс бағыттары анықталды. 1999 жылғы съезде Елбасы судьяларды тағайындауда ашықтықты қамтамасыз ету және бұқаралық ақпарат құралдарына судьялыққа үміткерлер тізімін жариялау қажеттілігі жөніндегі ұсынысын білдірді. Қазіргі таңда бұл үрдістер жалғастырылып, ашықтық пен жариялылық соттың кадр саясатының басты тетіктерінің бірі болып қалыптасты.

2001 жылғы 6 маусымда өткен судьялардың үшінші съезінде Елбасының сот жүйесінің алдына қойған нақты сегіз тапсырмасы тарихи маңызын жойған жоқ. Соттар қызметінің ашықтығы мен жариялылығы, жалпыға бірдей қолжетімділігі және бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмысы бүгінде соттар қызметінің құрамдас бөлігіне және соттардың  қызметін бағалаудағы негізгі критерилердің біріне айналды.

2005 жылғы 3 маусымда Астанада өткен Қазақстан Республикасы судьяларының ІV съезінде басым бағыт ретінде сот төрелігін жүзеге асырудың халықаралық стандарттарына қол жеткізу міндеті қойылды. Қазақстандық сот жүйесінің халықаралық стандарттарға іс жүзінде жақындастырылуының арқасында 2011 жылғы қыркүйек айында Ыстамбулда өткізілген Халықаралық судьялар ассоциациясының орталық кеңесінің мәжілісінде Қазақстан Республикасының судьялар одағы аталған халықаралық ұйымның тең мүшесі ретінде танылды. Әлемнің жетпістен астам елі дауыс беруге қатысатын мұндай беделді халықаралық қауымдастықтың құрмет-ықыласын иелену - еліміздегі сот реформасының зор жетістіктерінің бірі.

Судьялардың 2009 жылғы 18 қарашада өткен V съезінде Елбасы ұлттық заңнаманы дүниежүзілік құқықтық стандарттармен неғұрлым белсенді үйлестіру міндетін қойды.

Жаңа ғасыр бастауындағы жобалар кейінгі жылдары нақты іске, өмір шындығына айналды.  Сот сатыларының дербестігі күшейтіліп, істерді қараудың жеделділігі мен сапасы арттырылды.  Сот қаулыларын орындаудың баламалы әдістері, жеке сот орындаушылары институты өмірге келді. Алқабилер соты жұмыс жасап тұр. Мамандандырылған соттар жүйесі дамытыла түсуде. Мамдандырылған ауданаралық экномикалық, әкімшілік соттарының қатарына соңғы жылдары қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот пен кәмелетке жасы толмағандар істері жөніндегі ауданаралық соттар қосылды. Болашақта дамыған елдердегідей салық соттарын құру жобасы да бар.

Дауларды шешудің баламалы әдістері жетілдірілді. Тергеу әрекеттеріне сот бақылауы орнатылып, бүгінде тұтқынға алу мен қамауда ұстауға санкцияны соттардың беруі қалыпты үрдіске айналды. Тергеу судьясы институты енгізіліп, оның құзіреттіліктері кеңейтіле түсуде. Сот кадрларын даярлау мен біліктілігін арттырудың қазақстандық жүйесі қалыптастырылуда.

Сот жүйесін дамытуға қатысты іргелі заңдардың қабылдануы өз нәтижелерін беруде. Бітімгершілік институттары дами түсіп отыр. Медиаторлардың қатысуымен қаралатын істердің саны жылма-жыл артып келеді.

Соттардың қызметіне ақпараттық технологиялардың жаңа жетістіктері батыл енгізілуде. Автоматтандырылған электрондық құжат айналымы, соттардың интернет кеңістігінде болуы, сот процестерін бейнеконференция байланысы желісінде өткізу, процеске қатысушылардың сотқа келмей-ақ, интернет арқылы сотта өзінің құжаттарының жылжуымен танысуға мүмкіндік беретін ақпараттық сервистерді пайдалануы сот жүйесінің бүгінгі күнгі өмір шындығына айналып отыр. Қазіргі кезде соттарда барлық іс жүргізу электронды жүйе арқылы жүзеге асырылуда. Компьютерлік жаңа технологияларды игеру сот қызметкелерінің білім-біліктілігі мен дағдысын жаңғыртып, уақыт көшінің алғы сапына жетеледі.

Қазақстан дамуының 2050 жылға дейінгі стратегиялық жоспарында дамыған 30 елдің қатарына жету мақсаты тұр. Еліміз өркениет дүниесімен терезесін теңестіріп, болашаққа қадамын нық басып келеді.

Судьялардың VІ съезінде сөйлеген сөзінде Елбасы Н.Назарбаев: «Судьялардың халықаралық қауымдас­тығының Қазақстан Судьялар одағын то­лыққанды мүшелікке қабылдауы - біздің сот жүйесін реформалауда жеткен жетістіктеріміздің мойындалуының белгісі» деп атап көрсете келіп, «Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам - ең дамыған қоғам. Біздің мақсатымыз - дәл сондай қоғам құру. «Қазақстан-2050» Стратегиясының бас­ты межелерінің бірі - осы. Ендеше, міндеттеріңіз айқын, бағыттарыңыз белгілі. Өздеріңізге артылған үмітті ақтап, адал жұмыс істейтіндеріңізге сенемін. Сіздерге әділ төрелік пен адал қызмет серік болсын» деген тілегін жеткізген еді.

Еліміздің сот жүйесі өзіне артылған сенімді ақтап келеді. Елбасының бес институттық бағдарламасының «Заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған екінші бағытын жүзеге асыру мақсатында «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында сот жүйесіне берілген тапсырмалар қысқа мерзім ішінде орындалып,  2016 жылдан бастап еліміз бес сатылы сот жүйесінен үш деңгейлі жүйеге көшті. Бірінші сатыдағы барлық істер аудандық соттарда, апелляциялық істер облыстық соттарда, ал кассациялық тәртіптегі істер Жоғарғы Сотта қаралуда.

Ұлт жоспары аясында мемлекеттің, қоғамымыз бен экономикамыздың дамуына іс жүзінде нақты құқықтық орта қалыптастыруға мүмкіндік беретін 59 заң күшіне енді. Жаңғыртылған заңдар қоғамның сот жүйесіне деген сенімін арттыратыны сөзсіз. Сот төрелігіне қолжетімділікті жақсартып, сот өндірісін оңайлату мен жетілдіруге, заманауи ақпараттық технологияларды және бітімгершілік рәсімдерін кеңінен қолдануға мүмкіндік беретін жаңа Азаматтық-процестік кодекс, «Жоғарғы Сот кеңесі туралы» заң күшіне енді. «Қазақстан Републикасының сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, Қылмыстық іс жүргізу және Әкімшілік құқықбұзушылық  кодекстеріне тиісті өзгерістер енгізілді.

Судьяларға қойылып отырған біліктілік талаптары күшейтілді. Судьялықтан үміткерлерді таңдаудың жаңа жүйесі жасалды.

Сот процестерінің бейнебайланыс жүйесін пайдалана отырып өткізілуі және аудиобейнежазбаны судьялар мен процеске басқа да қатысушылардың тоқтата тұруына немесе редакциялауларына мүмкіндік берілмейтіндігі барша сот процесіне қатысушыларды тәртіпке салып, сот процестері мен қабылданған сот шешімдерінің шынайылығын қамтамасыз ету бағытында оң өзгерістер әкелді.

«Алдағы съезде  Судьялар әдебінің жаңа кодексі қабылданады деп күтіліп отыр. Қазіргі кезде бұл маңызды құжат судьялар қауымдастығында кеңінен талқылану үстінде. Жаңа жоба қазірдің өзінде беделді халықаралық деңгейдегі сарап комиссияларының оң қорытындыларын алып отыр.   Заманымыз жаңарып, заңдарымыз жетіліп, билігіміз бен бірлігіміз жарасып, тірлігіміз берекелі бола түсті. Судьялар қауымдастығы өзінің алдында тұрған жауапты да зор міндеттерін абыроймен атқара берері сөзсіз», деп түйіндеді ойын М.Нағашыбаев. 

Соңғы жаңалықтар