Елбасы жаңа «Астана-Петропавл» тас жолының сапасымен танысты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында «Астана-Петропавл» тас жолының сапасына баға берді.

«Әдемі жол салынған. Петропавлдықтар мұндай жолмен бұған дейін жүріп көрген жоқ. 700 км ауданаралық жолдарды жасау керек. Жолсыз іс бітпейді. Мен бүкіл Қазақстанда жоғары сапалы жол салдырғым келеді. Егер біз 25 жылда басқалар жүз жылда жасайтын істі жасадық деп айтатын болсақ, онда Тәуелсіздіктің осы мерекесі әр ауылда сезілуі тиіс. Жол салынып, ауыз су, мектептер, жақсы дәрігерлер болуы керек. Адамдар өмір өзгерді деп айтып жүрулері тиіс», - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президенті тәуелсіздік алған жылдары 40% пайыз қазақстандық кедейшілікте күн кешкенін, қазір бұл көрсеткіш 2 пайызға дейін төмендегенін атап өтті. 

Бұдан бөлек, СҚО жұртшылығымен кездесу барысында Елбасы елді көгалдандыру жоспарларымен де бөлісті.

«Солтүстік Қазақстан облысы орманды, жасыл желекті, еліміздің көрікті өңірлерінің бірі. Осы байлықты сақтай білу керек. Біздің кең байтақ жерімізде орман аз. Сондықтан «Жасыл ел» бастамасына қолдау білдіремін. Әрбір жас адам ағаш отырғызуы керек. Барлығыңызды осы іске шақырамын», - деді ҚР Президенті.

Соңғы жаңалықтар