ЭКСПО-2017 көрмесінде Royal Dutch Shell компаниясы Нидерландыға қолдау көрсетеді

None
None
ГААГА. ҚазАқпарат - Сәрсенбіде Нидерланды Корольдігінің Сыртқы істер министрлігінде осы елдегі Қазақстан Республикасының елшілігі қатысуымен Голландия үкіметі мен Royal Dutch Shell мұнай-газ компаниясы арасында «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрме аясындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою рәсімі өткізілді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі қазақстандық дипломатиялық өкілдікке сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Шараға Нидерланды СІМ, Royal Dutch Shell компаниясының өкілдері, Нидерландыдағы ҚР Елшісі Мағжан Ильясов, ҚР-дағы Нидерланды елшісі Дирк Ян Коп, сондай-ақ Нидерландыдағы «ЭКСПО-2017» ұлттық комиссары Ханс Дриссер қатысты. Келісім қомақты қаржылық қолдаумен қатар, Голландия үкіметі мен Royal Dutch Shell компаниясы арасында Нидерланды Ұлттық павильонын сапалы жасақтандыру үшін тығыз ынтымақтастықты қарастырады.

Астанда голландықтар су ресурстарын басқарудағы бірегей тәжіріибесімен бөлісіп, сондай-ақ жасыл экономика мен балама қуат көздеріне қатысты озық технологияларын таныстырады.

Болашақ энергиясы Нидерланды үшін ерекше өзекті. Өйткені бұл ел 2050 жылы энергиямен жабдықтауды толығымен жаңартылатын қуат көзіне көшіруге ниеттеніп отыр. 

Соңғы жаңалықтар