Дихан Қамзабекұлы: Тарихты оқыған сайын Тәуелсіздігіміздің баяндылығын білгендей боламыз

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Алаш қайраткері Қошке Кемеңгерұлының 120 жылдығына арналып «Аманатқа адалдық» атты «дөңгелек үстел» өтті.

Шараға зиялы қауым өкілдері, Қошке Кемеңгерұлының ұрпақтары, мектеп оқушылары мен ЖОО студенттері қатысты. 

«Бізге өзіміздің ұлттық тарих бүгінде анағұрлым маңызды және қажет. Біз күнен-күнге тарихты білген сайын Тәуелсіздігіміздің баяндылығын, сонымен бірге Елбасымыз негіздеп отырған «Мәңгілік ел» мұратының баяндылығын білгендей боламыз»,-деді Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры Дихан Қамзабекұлы жиналған жастарға қаратып айтқан сөзінде.

Осы орайда проректор Қ. Кемеңгерұлы 20 ғасырдың басында ұлттық реформалардың қақ ортасында жүрген тұлғалармен тікелей байланысты қайраткер екенін айта келе, оның мұрасы сол кезеңдегі зиялылардың ізденісін көрсететінін атап өтті.

«Қошке Кемеңгерұлы туралы көп айтуға болады. Қошкені бүгінгі күні қай бағытта тану, яғни Астанадағы Ұлттық музей қай бағытта Қошкеге еңбек сіңіре алады деген ой тұрғысынан бір-екі тұжырымымды айтқым келеді. Әрине, Ұлттық музейдің залдарында осында отырған азаматтар болғанбыз, осы ретте Алашқа, тарихқа қатысты залдар бар. Уақыт өткен сайын көп нәрсе жаңғыртылады және толықтырылады. Сондықтан Қошкенің біраз еңбектері Ұлттық музейге төлтума, түпнұсқа тұрғысынан қойылса да артық болмас еді деп ойлаймын»,-деді Дихан Қамзабекұлы.

Сонымен қатар ол Ұлттық музейдің ерекшелігіне тоқтала келе, осында қылқалам шеберлерінің туындылары өте көп екенін атап өтті.

«Бұл өнерге үлкен орын берілген. Енді қылқалам шеберлерінің Қошке Кемеңгерұлының театр қайраткері ретінде, театрға еңбек сіңірген тұлға ретіндеге суретін көрсек керемет болар еді»,-деп атап өтті ЕҰУ проректоры.

Соңғы жаңалықтар