Бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 2 пайыз деңгейінде сақталады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бюджет тапшылығы ЖІӨ -нің 2 пайыз деңгейінде сақталады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасына қатысты баяндама жасаған ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті.

«2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы мемлекеттік қолдау шараларын қабылдау арқылы экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша Елбасының тапсырмаларын орындау үшін әзірленді. Осыған орай қаржыландыру үшін ұсынылып отырылған жобаның басты бағыттары: біріншіден, индустрияландырудың жаңа кезеңі аясында агроөнеркәсіптік кешенді және экспорттық әлеуетті дамыту есебінен экономиканы әртараптандыруға жәрдемдесу, екеншіден, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын одан әрі іске асыру шеңберінде көлік инфрақұрылымын дамыту», - деді ол.

Министрдің айтуынша, жылдың басынан бастап макроболжамды түзету және кіріс түсімдерінің серпінін нақтылау шығыстарды қысқартпай  заң жобасына шаралардың қосымша топтамасын енгізуге мүмкіндік берді. Кірістер 2016 жылы 4 200,2 млрд теңге көлемінде бағаланады, бұл бекітілген жоспардан 834,9 млрд теңгеге жоғары.

Кірістер болжамын ұлғайту Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферт көлемін 400,3 млрд теңгеге қысқартуға мүмкіндік берді. Нақтыланған бюджетте оның мөлшері 2 880 млрд теңгенің орнына 2 479,7 млрд теңгені құрайды.

«Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферт те Халықаралық қаржы ұйымынан қарыз тартуға және Үкіметтің арнайы резервінің мөлшерін азайтуға байланысты жобаларды іске асырудың уақытша шеңберін түзету есебінен 752,9 млрд теңгеге дейін 54,6 млрд теңгеге азайтылатын болады. Республикалық бюджет шығыстары 2016 жылы 8 646,7 млрд теңгені құрады, бұл нақтыланған жоспардан 379,9 млрд теңгеге көп», - деді Б.Сұлтанов.

Министрдің атап өтуінше, жалпы сомасы 283,4 млрд теңге құрайтын қомақты қаражат Елбасының тапсырмалары бойынша экономикалық өсуді ынталандыру шараларына көзделеді. Қауіпсіздікті камтамасыз етудің қосымша шараларына 70,2 млрд теңге бөлінеді. Олардан 42,7 млрд теңге діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылды және құқық тәртібін нығайту бойынша Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға бағытталады. Ал 136,4 млрд теңге сомаға ірі жобалар бойынша міндеттемелер орындалатын болады.

«Жыл қорытындысы бойынша бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру және ықтимал игерілмеуге жол бермеу мақсатында нақтыланған бюджет жобасында қалыптасқан үнем қаражатын қайта бөлу жөніндегі әкімшілердің ұсыныстары ескерілді», - деген ол бюджет тапшылығы бекітілген 902,7 млрд теңге немесе ішкі жалпы өнімнің 2 пайыз деңгейінде сақталатындығын айтты.

Соңғы жаңалықтар