Болат Бақауов ауылдың өрлеуіне өз үлестерін қосып жүрген жас мамандарды марапаттады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысында «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасы аясында 7 жылдың ішінде 4345 жас маман жұмысқа орналасқан, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы облыс әкімі Болат Бақауовтың жастармен кездесуі барысында "Жастар бастамаларын дамыту орталығының" директоры Саят Жүсіпбаев мәлім етті.

«Дипломмен - ауылға» мемлекеттік бағдарламасы елімізде 2009 жылдан бері іске асырылуда. Осы жеті жылдың ішінде облыс ауылдарына жас мамандар білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және ауыл шаруашылығы салаларына жұмысқа орналасқан. 2016 жылы аталмыш мемлекеттік бағдарлама арқылы 240 жас маманға ауылға қызметтік жолдама беріліп, бұл бағытқа мемлекеттік бюджеттен 636 млн. 455 мың теңге бөлінген», - дейді Саят Жүсіпбаев.

Кездесу барысында облысымыздың түкпір-түкпірінде ауылдың гүлденуіне өз үлестерін қосып жүрген белсенді жастар өз аудандары мен ауылдарында туындаған түйткілді мәселелерді ортаға салды. Мәселен, Павлодар ауданындағы «Нәби» шаруа қожалығының фермері Нұрлан Сүлейменов жастар бос уақытта бас қосатын мәдениет үйін ашу туралы өтініш білдірді.

«Павлодар ауданында 7 мыңнан астам жастар бар. Ағымдағы жылы 1 қарашаға дейін жастар бастамаларын дамыту орталығын ашу жоспарланған. Сіздің ұсынысыңыз бойынша, аудан әкіміне тапсырма беріледі», - деді аймақ басшысы.

Шара соңында облыс әкімі Болат Бақауов ауылдық елді мекендерде үш жылдан көп уақыт жұмыс істеп, ауыл әлеуметінің өрлеуіне өз үлестерін қосып жүрген жеті жас маманды марапаттады.

Соңғы жаңалықтар