Биыл Ақмола облысында ЖҚЖК-2020 бағдарламасымен 47 жас маман жұмысқа орналасты

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Биылғы жылы Ақмола облысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 47 жас маман жұмысқа орналасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің айтуынша, жастар саясатын жүзеге асыру бағытында жүргізілетін жұмыстарға барлық сала бойынша мүдделі органдар тиісінше тартылған. Олар - облыстық білім, денсаулық, ішкі саясат, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармалары,ішкі істер департаменті  және тағы да басқа ұйымдар.

Сонымен қатар, облыстағы мемлекеттік жастар саясатының кадрлық әлеуетін, институтционалдық құрылымын нығайту да маңызды болып отыр.

«Бүгінде облыста 162 724 жас тұрады, бұл облыс тұрғындарының 22 пайызын жастар құрап отыр деген сөз. Ел болашағы - жастардың қолында. Сондықтан, олардың әлеуетін көтеріп, оларды рухани тұрғыдан тәрбиелеу, мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылуына ықпал ету барысында да бірқатар іс-шараларды ұйымдастыру, оған қажетті қаржы бөлу мәселелері басқарма тарапынан оң жолға қойылған. Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 130,8 миллион теңге, ал, қалалық және аудандық бюджеттерден 23,4 миллион теңге қаржы бөлінген» деп көрсетілген хабарламада.

Бүгінде облыста әкімдіктердің жанынан құрылған жастар ісі жөніндегі 20 кеңес жұмыс істейді, оның біреуі облыстық, қалғандары аудандар мен қалаларға қарасты кеңестер. Басқарманың бастамасымен жастар саясаты саласындағы мамандардың біліктіліктерін арттыру мәселесі де дұрыс жолға қойылған. Тоқсан сайын мұнда аймақтық жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері мен директорларының қатысуымен жастарды діни экстремистік ағымдардан қорғау, «Жасыл ел» бағдарламасының жайы туралы әлеуметтік желілерде жүргізіліп жатқан ақпараттық - насихаттау жұмыстарының барысы туралы семинар-кеңестер ұйымдастырылып, өткізіліп тұрады.

Биыл ресурстық орталықтардың 6 директоры, аудандық, қалалық мәслихаттардың депутаттары болып тағайындалғанын ерекше атап өтуге болады. Бүгінде облыстағы аудандық, қалалық мәслихаттарда 15 жас депутаттық міндеттерін атқаруда. Өткен жылы бұл көрсеткіш 1,4 пайыз болса, биыл 5 пайызды құрап отыр. Бұл - болашақта ел тізгінін қолдарына алатын жастарға деген үлкен сенім. Аталмыш басқарма облыстағы үш университет пен 38 техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының жастар комитеттерімен және олармен келісім шартқа отырған жеті кәсіпорынмен тығыз қарым-қатынаста саяси жұмыстар жүргізілуде.

Жастар ұйымдарымен белсенді жұмыс жасау да басқарма алға қойған басым бағыттардың бірі. Себебі, жастардың азаматтық белсенділігі облыстағы жастар ұйымдарының даму үрдісінің басты көрсеткіші болып табылады. Бүгінгі таңда облыста жалпы саны 100 жастар ұйымы тіркелген. Оның тек қана 56-ы ғана белсенді жұмыстар жүргізуде.

Баспасөз қызметінің мәліметі бойынша жастар ұйымдарының әлеуеті белсенді пайдаланылады екен. Мәселен, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар аясында және жастар бірлестіктерімен бірлескен жоспарларды іске асыру мақсатында 900-ге жуық іс-шара өткізілді. Басқарма тарапынан бұл жұмыстардың басын қайыруға 14 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсалынған. Жастар саясаты саласындағы мемлекеттік тапсырыстар сонымен қатар Аршалы, Астрахан, Егіндікөл, Еңбекшілдер және Қорғалжын аудандарында да жіті қарастырылып, оларға 2 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді.

Өңірде сондай-ақ, жастарды жұмыспен қамту мәселесі де басты назарға алынып отыр. Себебі, бос уақыты көп жастар зиянды әдеттер мен айналысып, қоғамға қайшы әрекеттер жасауға бет бұруы әбден мүмкін. Мұны алдын алу мақсатында басқарма тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуда. Мәселен, «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы 47 жас маман жұмысқа орналастырылды. Сонымен бірге, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен 497 адам уақытша жұмысқа жіберіліп, 210 жас әлеуметтік жұмыспен қамтылды. Сонымен бірге, «Дипломмен - ауылға!» жобасымен елді мекендерге жұмысқа орналасқан 273 жас маманға көтерме ақы төленіп, баспана алуға несие беріліпті. Сол сияқты жастарды жұмыспен қамту бағытында еңбек жасақтарының жұмысын одан әрі дамыту жобасы жүзеге асырылуда.

2011 жылы еліміздің түкпір-түкпірінде жоғары оқу орындарында білім алып, жақсы оқып жүрген жастарға қолдау көрсету мақсатында облыс әкімінің атынан шәкіртақы тағайындалған болатын. 2015-2016 оқу жылында шәкіртақы тағайындалғандар саны 226.

Биылғы жылы жалпыұлттық сипаттағы негізгі саяси іс-шаралардың  ең бастысы - ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлау болып отыр. Бұл ретте, облыстық жастар мәселелері жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен кең көлемді іс-шаралар өткізілген. Олардың ішінде «Үш би» республикалық шешендер турнирі, облыстық жастар форумы, асық атудан чемпионаттарды ерекше атап өтуге тұрады. 

Бұдан басқа, басқарма мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асыру барысын ақпараттық сүйемелдеу мақсатында «Ақмола жастары» атты ақпараттық журналын шығарып, «ОК» онлайн-арнасын іске қосқан. Және де Twitter, Вконтакте, Мой мир, Instagram сияқты әлеуметтік желілерде аккаунттары бар. 

Соңғы жаңалықтар