Бетпақдалада «Тұлпар-Тальго» вагондары сынақтан өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Мойынты және Киік стансалары арасында мамандар жаңа модификацияланған, кузовтары кең отандық «Тұлпар-Тальго» вагондарын сынақтан өткізіп жатыр, деп хабарлады «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі.

Осы мақсатта Кедендік одақтың «Темір жол жылжымалы құрамының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті талаптарына сәйкес вагонның 8 түрін сертификациялау туралы келісімшарт жасалды, сынақ орталығы ретінде Қазақстандық темір жол көлігін сертификациялау орталығы бекітілді.


Ертеректе Германияның Лейпциг қаласындағы IFFEngineering&Consulting орталығында вагон кузовтарының беріктігі сыналған еді. Сынақ нәтижелері оң болып, темір жол көлігі қауіпсіздігі саласындағы барлық нормативтерге сәйкес екені анықталды.
Маусым айында Вена қаласындағы (Аустрия) RTARailTecArsenal орталығында вагондардың жылыту, желдету және кондициялау жүйелері параметрлерінің сәйкестігіне сынақ жүргізілді. Оның да қорытындысы көңілге қонарлық.
Шілде айында динамикалық сынақтарға 29 вагоннан тұратын 2 құрам жіберілді. Әзірге құрамдардың бірінің тежегіш жүйесіне бастапқы сынақтар жүргізілді. Екінші құрамның кіші және орта радиустағы динамикалық сипаттамалары тексерілді. Екі құрам бойынша да алдын ала оң бағам жасалған.



Динамикалық сынақтар әлі де жалғасып жатыр және биылғы қазан айында аяқталады. Одан кейін сынақтардың өткені туралы хаттамалар толтырылып, сертификаттау органдарына беріледі. Сәйкестендіру сертификаттары 2016 жылдың 1 желтоқсанында беріледі деп күтілуде.
Жаңа вагондардың ерекшелігі неде? Вагондардың барлық түрінде интерьер дизайны өзгерді.  Отыруға арналған орындары бар «Турист» вагондарының жаңа түрлері пайда болды. Бизнес-класс вагондарының әр купесінде жуғыш пен кішкене үстел бар. Гранд-класс вагондарында барлық қажетті дүниелер қамтылған.
Мүгедектерге арналған купе жылжымалы есіктермен және кіреберіс есік жақтан жинамалы көтергішпен жабдықталған.
Жалпы алғанда, жаңа модификацияланған барлық «Тұлпар-Тальго» вагондарының ені 25 см-ге және биіктігі 22,4 сантиметрге ұзарды. Санитарлық тораптар 1,8 есеге ұлғайды. Жатын сөрелері де кеңейтілді. Коридор ені 10 сантиметрге ұзарды. 2016 жылы 149 жаңа модификацияланған, кузовтары кең отандық «Тұлпар-Тальго» вагондарын жеткізу жоспарланған.
Қазіргі уақытта республиканың барлық облыс орталықтарын байланыстыратын 12 жүрдек бағыт бар, 2020 жылға қарай «Тұлпар-Тальго» пойыздарының 8 жолаушылар бағыты жаңарады.
Биыл «Астана-Алматы» және «Алматы-Шымкент» бағыттары бойынша жаңа пойыздар жіберіледі, осылайша «Тұлпар-Тальго» пойыздары аталған бағытта  күніне 2 рет қатынайтын болады.  

 

Соңғы жаңалықтар