Баян Мақсатқызы күйеуін кешірді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Баян Мақсатқызы өзін өлтірмек болды деп айыпталып отырған күйеуі Бақытбек Есентаевты толықтай кешірді.

Бұл туралы Талдықорғанда өтіп жатқан сот отырысынан кейін "ҚазАқпарат" тілшісіне берген сұхбатында Баянның қорғаушысы Марат Асқарбеков мәлім етті.

"Баян күйеуін кешірді, өте дұрыс шешім жасады деп ойлаймын. Бұндай шешімді кез-келген əйел қабылдай алмайды. Білеміз, Баянға оңай болмады, бірақ ол балалардың тағдырын ойлады. Батыл шешім", - деді ол.

Адвокаттың айтуынша, Баян Мақсатқызы өзінің бұрынғы күйеуін бас бостандығынан айырмауды сұраған.

Айыпталушының туған бажасы болып табылатын Марат Асқарбеков жалпы Бақытбек Есентаевтың жақсы азамат екенін де атап өтті.  Марат Асқарбеков - Баянның әпкесі Бәтестің жұбайы, танымал актриса, әнші Аша Матайдың әкесі.

Бүгінгі сот процесіне Баян Мақсатқызының өзі қатысқан жоқ. Сот ертең де жалғасады. 

 

Естеріңізге салсақ, Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Бақытбек Есентаевқа қатысты сот процесі кеше, 18 қазан күні басталып, бүгін жалғасын тапты. Істі қарау жабық режімде өтіп жатыр. Оны Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Байжүнісов Берікжан Əбенұлы жүргізуде.  

Б. Есентаевқа ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлімі, 99-бабының 2-бөлімі 10-тармағы (зорлаумен немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерiмен ұштасқан адам өлтiруге оқталу) 120-бабының 1-бөлімі (зорлау) 121-бабының 1-бөлімі (сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері)  бойынша айып тағылған.

Белгілі  продюсер, екі баланың анасы Баян Мақсатқызы маусымның 10 күні бірнеше жерден пышақталып, ауыр жарақатпен Талғар ауданындағы ауруханаға түскен болатын. Оны  өлтірмек болды деген күдікпен өзінің күйеуі Бақытбек Есентаев ұсталып, қамауға алынды. Сондай-ақ қазіргі  таңда Баян бұрынғы тегіне қайта оралған сыңайлы. Ол әлеуметтік желідегі парақшаларына Баян Мақсатқызы деген өзгеріс енгізген.

 

Соңғы жаңалықтар