БАҚ саласындағы заңнама - мемлекет мүддесінен де, дамудың үдесінен де шығуы керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақпарат ғасыры - бұқаралық ақпарат құралдарының сипатына да, сапасы мен саласына да тез құбылтатын өзгерістер енгізуде. Желілік коммуникация белсенді дамып, әлеуметтік жаңа медиа шекарасыз, шексіз сипатқа ие болып келеді. Ақпараттың берілу форматы ғана өзгеріп отырған жоқ, оны ұсынатын құралдар да құбылды.

Интернетке қолы жетімділердің басым бөлігі онлайн кеңістікте сұхбаттасқанды ұнататын болды. Әлбетте бұның жағымды тұстарымен қоса, жағымсыз, кері әсер мен салдар беретін жақтары да жеткілікті. Мәселе, адамның денсаулығында да болып отырған жоқ. Қоғамның тыныштығы мен саулығына қарай ойысты. Мәселен, әлемнің біз бұрын білмеген бір нүктесінде орын алған оқиға демде-ақ жаһандық резонансқа айналуы қиын емес. Әлемді қойыңыз, Қазақстанның өзінде бір өңірде орын алған оқиға екінші шетіне жеткенше түрліше құбылады. Салдарынан жұрт дүрлігіп, қоғамның дегбірі қашады. Осының барлығы ақпарат саласындағы қандай да бір реттеудің қажеттілігін айқындаған еді. Осындай жағдайда Ақпарат және коммуникациялар министрлігі тарапынан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы» заңының жобасының тұжырымдамасы әзірленген болатын. Қыркүйек айының соңында аталған тұжырымдама жобасы «Ашық нормативтік құқықтық актілер» порталына орналастырылып, қоғамдық талқылау елегіне тасталды.

Жалпы БАҚ саласындағы жаңа нормаларды қамтыған құжат ақпараттық кеңістікте елеулі өзгерістер жасауға бағытталған және кәсіби топтардың кең ауқымы мен жалпы жұртшылықтың мүдделерін қамтуға негізделген. Қалың қоғам мүддесінен ғана емес үдесінен шығару үшін Ақпарат және коммуникациялар министрлігі тың нормалардың азаматтық талқылау арқылы ғана қабылдануы тиістігін назарға алған болатын. Ендігі күні тұжырымдамада жұртшылық тарапынан түскен ескертулер мен ұсыныстарды министрлік жанындағы заң шығармашылығы жөніндегі жұмыс тобы қарастырады.

Жалпы БАҚ саласына қатысты заңнаманы жетілдірудің қажеттілігін көптеген сарапшылар айтып отыр. Соның ішінде БАҚ мүмкіндігі көбірек қамтылмақ. Мәселен, салада дауды сотқа дейін шешуге басымдық беріліп отырғандығы құптарлық жағдай екенін атап өткен жөн. Осы ретте көзделіп отырған жаңалықтар бұқаралық ақпарат құралдары үшін тиісті жеңілдіктерді ескереді. Тұжырымдаманың «Бұқаралық ақпарат құралдары мен телерадио хабарларын тарату мәселелері» бөлігінде азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын қорғау қағидаты қамтылып отыр.

БАҚ саласындағы қолданыстағы заңнама азаматтарды жалған ақпаратты теріске шығаруды жариялау құқығымен қамтамасыз ету мәселелері бойынша жетілдіруді қажет етеді. Бүгінгі таңда құқық қолдану тәжірибесі бойынша, азамат аталған құқығын көбінесе сот тәртібімен ғана пайдалана алады. Осылайша, дауды сотқа дейінгі тәртіппен шешу мүмкіндіктері қажетті деңгейде реттелмеген. Бір жағынан алып қарағанда, азаматтың шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді теріске шығаруды жариялау құқығы қолдан шектеледі, екінші жағынан БАҚ сотқа дейін дауды шешуден шектеледі. «Осыған орай, Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңының 19-тармағын дауды сотқа дейін шешуге басымдық бере отырып, қайта қарау ұсынылады»,-деп атап өтілген тұжырымдамада.

Жалпы, министрлік тарапынан ұсынылған бастамалар тыңғылықты зерттеулерге сүйене отырып жасалған. Сондықтан дауды сотқа дейін шешу ұстанымы көптеген жұмысты жеңілдетеді, яғни журналистерді әуре-сарсаңнан босатуға жағдай жасалмақ.

Халық арасында көбірек көтерілетін мәселенің бірі - ақпараттық қауіпсіздік. Соның ішінде балалар мен жеткіншектердің сана сезімін зиянды ақпараттардан қорғау. Осы тұрғыдан алғанда да, мамандар жобаның уақытылы қолға алынғанын айтумен қатар, жас жеткіншектердің сана-сезіміне кері әсер ететін айуандық көріністерді ашық насихаттайтын БАҚ-тарға заң негізде шектеу қою қажет деп санайды.  Атап өтер болсақ, «Кәмелетке толмаған жасөспірімдердің құқығын қорғау» бөлімінде қазіргі уақытта айрықша маңызға ие мәселелер ескерілген. Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасы кәмелетке толмағандар үшін мемлекеттік кепілдік береді, соның ішінде  мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар баланы оның денсаулығы мен адамгершілік және рухани дамуына кері әсер ететін әлеуметтік ортаның, ақпараттың, үгіт-насихаттың теріс ықпалынан қорғауға міндетті.

«Қазіргі күні БАҚ-та кәмелетке толмаған жасөспірімдерге қатысты қылмыстарды олар туралы толыққанды ақпараттар мен бейнесін көрсете отырып жариялау жиілеп кетті. Осыған байланысты, кәмелетке толмағандардың жеке деректері мен олардың бейнелеріне қатысты ақпаратты орналастыруда БАҚ-қа шектеу қоятын бірқатар өзгертулерді енгізуді қарастыру ұсынылады. Сонымен қатар, байланыс операторларының оқу орындарында кәмелетке толмағандарға бейімделген Интернет ұсынуы туралы норманы қарастыру қажет»,-деп қамтылған тұжырымдамада. Осы тұста Мәжіліс депутаттарының мектеп оқушыларын интернеттің зиянды ақпаратынан шектеу, тіпті «В Контакте» әлеуметтік желісінің мектеп оқушыларының арасында таралуын болдырмау туралы көтерген дабылдарын да орынды деп мойындауымызға тура келетіні сөзсіз.

Кәмелетке толмағандардың жеке деректеріне қатысты мәліметтер орналастыруда ақпарат құралдарына шектеуге байланысты тиісті өзгертулерді енгізуді қарастыру туралы ұсыныс әбден құптарлық. Өйткені, жеткіншектердің санасына, тәрбиесіне кері әсер ететін зорлық-зомбылықты, төсек қатынастарын ашық насихаттайтын ақпарат құралдарына, сондай-ақ әлеуметтік желілерге заңдылық негізде тиісті шектеу талаптарын қарастырған абзал.

Сарапшылар сонымен қатар, интернет ресурстардағы ақпарат таратушылардың қызметін заңнамалық реттеу аясында тұжырымдамаға қатысты ұсыныстар, сондай-ақ талқылау нәтижесіндегі пікірлер жан-жақты ескерілуі қажет екенін атап өтуде. Блогерлер, оларды БАҚ ретінде тіркеу мәселесі де біршама әңгімеге арқау болды. Расында,  блогерлер мәртебесі заңмен белгіленбеген. Әйтсе де, ақпарат тарату тұрғысынан блогерлер елімізде орын алып жатқан қандай да бір оқиғаларды белсенді жазып, жариялап отыратыны белгілі. Сондықтан да олар үшін ерікті түрде желілік басылым ретінде тіркелу мүмкіншілігі ұсынылған. Осының арқасында блогерлердің өзіне заңдық негізде бұқаралық ақпарат құралдарына теңестірілетін құқықты алу мүмкіндігі берілмек. Яғни, тұжырымдамадағы нормалар заңға айналса, Қазақстанда желілік басылым ретінде тіркелген блогерлер бұқаралық ақпарат құралдары пайдаланатын құқыққа ие болуы мүмкін. Бұл ретте «БАҚ-тың жаңа түрлерін құқықтық реттеу» бөлімінде Интернет арқылы бұқаралық ақпаратты таратудың жаңа технологиялары мен формаларының пайда болуы мен белсенді дамуының аясында түрлі Интернет ресурстардағы ақпарат таратушылардың («блогерлердің») қызметін заңнамалық реттеу мәселесінің өзектілігі артып отырғандығы көрсетілген.

«Заңнама қолданысындағы «интернет-ресурс» түсінігін «блогерлерге» сәйкес қайта қарастыру ұсынылады. Сонымен қатар, аталған мәселелер блогында уәкілетті органда интернет-ресурстарды желілік басылым ретінде тіркеуге қоюға қатысты құқықтық қайшылықтарды алып тастау қажет. Ерікті түрде есепке қойылғаннан кейін интернет-ресурстың БАҚ ретінде толық құқықтық субъектілік алу принципін толықтай заңнамалық тұрғыда бекіту ұсынылады»,-делінген тұжырымдама жобасында. Әрине, бұл қайсыбіреулер секілді «блогерлерді қатаң бақылауға алады» деп байбалам салатын дүние емес. Өйткені, біріншіден, бұл әлі тұжырымдама. Осы талқылаулар арқылы керек нормалар қалып, керек емесі қырқылып тасталады. Екіншіден, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өзінің Фесбуктағы парақшасындағы жазбасында блогосфераға қатаң бақылау орнату қоғам үшін тиімсіз екенін мәлім еткен болатын.

«Әрине, жан-жақты диалог аталған заң жобасы нақты механизмдерімен назарларыңызға ұсынылған кезде басталады. Дегенмен, көріп отырғанымыздай, осы алғашқы кезеңнің өзінде қоғам мен медиа қауымдастықты алаңдататын негізгі мәселелер белгілі болуда. Мәселен, блогерлер мәртебесіне өзгерту енгізу ұсынысы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Сондықтан, дәл осы мәселенің мән-жайына тоқтала кетсем деймін. Бұл жерде көзделгені отандық блогосфераға қатаң бақылау орнату емес. Өз басым, мұндай әрекет қоғам үшін тиімсіз деп санаймын. Біз тұжырымдамада әлеуметтік желінің белсенді қолданушыларына өз қалауымен желілік басылым ретінде тіркеуге тұру мүмкіндігін беруді ұсынып отырмыз. Яғни, бұл дегеніміз оларға жаңа мүмкіндік пен құқық беріледі деген сөз», - деп жазды министр.

Д. Абаев  тұжырымдамаға қатысты қоғамдық пікірталастың жандануы уәкілетті орган ретінде министрлікті тек қуантатындығын және сындарлы ұсыныстарды, оның ішінде сыни пікірлерді де ескеретіндігін атап өткен.

Сонымен, БАҚ мәселесі бойынша заң жобасы тыңғылықты талқыланған соң, 2017 жылдың наурызына дейін барлық мемлекеттік органдармен келісілген құжатты Үкіметке және 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында Парламент Мәжілісіне енгізу жоспарланады. Бұл тұрғыда оң әрі сыни пікірлер толықтай ескерілетініне құзыретті министрлік те мүдделілік танытқан. Биылдың қараша-желтоқсан айларында заң жобасы аясында талқылау өткізіледі. Сонымен бірге қараша айының соңына дейін жұмыс тобы мүшелерімен бірге құжат мәтінін қалыптастыру аяқталады деп күтілуде.

Түйіндей айтсақ, Мемлекет басшысының жүктеген тапсырмасын орындай отырып Ақпарат және коммуникациялар министрлігі БАҚ саласындағы ұлттық заңнаманың олқы тұстарын ретке келтіріп, көптеген нормаларды халықаралық стандарттарға жақындатуды қолға алады. Сонымен қатар Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғауда қажетті мәселелер қамтылады деген нық сенім бар. Сондықтан тұжырымдама жобасындағы маңызды жаңалықтар жұмысты айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндіктер ашып, БАҚ саласын дамытуға тың серпін береді деген үміт те жоқ емес. 

Соңғы жаңалықтар