Әзербайжанда екі лаңкестің көзі жойылды

None
None
БАКУ. ҚазАқпарат - 27 қазанда Әзербайжанның БАҚ-тарында Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі террорға қарсы операция өткізу кезінде екі лаңкестің көзін жойды, деген хабар таратты.

ҚазАқпараттың Әзербайжандағы меншікті тілшісінің хабарлауынша, құқық қорғау органдарына  «елде қарулы топ құрылып, теракті әзірлеуде» деген мәлімет келіп түскен. Тергеу барысында ақпарат расталып оған қарсы шара қолданылды.

Әзербайжан азаматтары  Ф.Рустамов, А.Гулиев, А.Гюльмамедов және тағы басқалар елдің аумағынан тыс жердегі радикалды діни қарулы топтармен сөз байласқан. Аталған топтардан ғаламтор арқылы нұсқау бойынша олар Әзербайжанда лаңкестік «Кавказ джамаат» ұйымының қарулы тобын құру, басшысын тағайындау секілді жұмыстарға кіріскен. Олар бопсалау арқылы түрлі тұлғалардан қаржы жинаған, шабуыл жасайтын адамдардың ізіне түсіп аңдыған. Республика тұрғындары арасында дүрбелең тудыратын топ мүшелерінің міндеттері бөліп берілген.

26-27 қазанда елдің түрлі аудандарында  жүргізілген кешенді іс-шаралар барысында қарулы қарсылық көрсеткен А.Гулиев пен Ф.Рустамовтың көзі жойылды.

Таратылған мәліметке сенсек, А.Гулиев  қоғамдық орында «Ф-1» қол гранатасын жарып жібермекке әрекеттенген, ал Ф.Рустамов арнайы қызмет өкілдеріне тапаншадан оқ жаудырған. Үшінші күдікті қолға түскен. Қазір аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Соңғы жаңалықтар