«Азаматтар үшін Үкімет» корпорациясының тағы бір шенеунігі парамен ұсталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясының Атырау облыстық филиалы Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық зерттеу департаментінің директоры К.Теміров 800 мың теңгеден астам пара алғаны үшін ұсталды. Бірнеше мәрте пара алған шенеунікті Атырау облысы бойынша жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаменті қолға түсірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

К.Теміровтың бағынышты қызметкерлерін лауазымға тағайындау және қызмет барысында жалпы қамқорлық танытқаны үшін үнемі пара алып отырғаны анықталған. Мәселен, Исатай аудандық бөлімшесі жетекшісі лауазымына тағайындау үшін 100 мың теңге, Индер аудандық бөлімшесінің бас маманы қызметіне тағайындау үшін 50 мың теңге заңсыз сыйақы алған.

Мұнан бөлек, ол Атырау қаласында кезектен тыс жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімін бергені үшін жалпы сомасы 670 мың теңгеден асатын материалдық құндылық түріндегі параны да алғаны белгілі.

Қазіргі уақытта К.Теміров ұсталып, Атырау қалалық ІІД уақытша оқшаулағышына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар