Атыраудағы ЖОО мектептерге робот техникаларын сыйға тартты
«Робот техникалармен жұмыс істеу балалардың ойлау қабілетін дамытып, өзге пәндерді де жақсы меңгеруіне септігін тигізеді», - дейді ұстаздар. Оқушылар бастапқыда шағын машиналар құрастыра келе кейін аса күрделі бағдарламаларға көшеді.
Мысалы, қазақ-түрік лицейінде робот техникаларын оқу бағдарламасынан тыс меңгеруге де болады. Оқушыларға сабақтан қолы бос уақытта робот техникаларын үйренушілер клубына барып, өз қалауынша роботтар құрастыруға мүмкіндік берілген.
Балалардың жан-жақты білім алуына серпін беретін мұндай зертханалар болашақта басқа мектептерде де ашылмақ. Университет ұжымы «бұл үрдісті жыл сайын жалғастырып отырамыз», - дейді.
«Біз, университеттер сол мектептерден келетін оқушыларды оқытамыз, болашақ мұғалімдер дайындаймыз, әрдайым біздің технология сол мектептің алдында жүруі керек, мектеппен қарым-қатынас өте жақын болуы үшін ғылыми кеңестің шешімімен өзіміздің облысымыздың, қаламыздағы ең жақсы 10 мықты мектепке осындай зертхананы сыйға тарту туралы шешім қабылдадық», - дейді Х.Досмұхамедов атындағы АМУ ректорының міндетін атқарушы Абзал Талтенов.