Астанада «Қазақстандағы сот билігі: тарихы мен қазіргі кезеңі» атты көрме ашылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласында «Қазақстандағы сот билігі: тарихы мен қазіргі кезеңі» атты тақырыптық көрменің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Экспозиция Тәуелсіздіктің 25 жылдығына және Қазақстан Республикасы судьяларының VІІ съезіне арналған.

Көрменің ашылуына Жоғарғы Соттың Төрағасы Қайрат Мәми, жоғарғы сот органы алқаларының төрағалары, Астана қаласының соты және Әскери соттың судьялары, Судьялар одағы, жоғары оқу орындары, мемлекеттік органдар, Ұлттық музей басшылары, сот жүйесінің ардагерлері, Бас редакторлар клубының, БАҚ және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Қ. Мәми көрменің ашылу рәсімінде, іс-шараның мақсаты - республика аумағында ежелгі дәуірден бастап қазіргі күнге дейінгі сот төрелігінің қалыптасуы мен дамуын жан-жақты көрсетуге, оның тарихи мұрасымен таныстыруға және жас ұрпақты патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге бағытталғанын атап өтті.

Экспозиция: «Ежелгі дәуір, орта ғасыр және революцияға дейінгі кезеңдегі Қазақстандағы дәстүрлі құқық пен сот билігі», «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі сот-құқық жүйесі» және «Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жылдарындағы сот жүйесінің қалыптасуы мен дамуы» атты үш бөлімнен тұрады.

Ұсынылып отырған экспонаттар, құжаттар, фотосуреттер мен бейнематериалдар Ұлттық мұрағат, Орталық мемлекеттік мұрағат, Президент мұрағаты және Тұңғыш Президент мұрағатынан жинақталған. Сондай-ақ Жоғарғы Сот музейінің материалдары да қойылды.

Көрмеге қазақ биі шапанының үлгісі және оның төсбелгісі, Қазақ хандығының қалыптасу кезеңін белгілейтін материалдар қойылған. Бұл кезеңде мемлекеттік билікпен қатар, билер сотының заң базасы да қалыптасқанын атап өту қажет. Сондай-ақ көрмеде 1993 жылғы Конституцияның түпнұсқасы және Елбасының қолы қойылған сот жүйесінің жұмысы бойынша заңдардың көшірмелері ұсынылды. Тәуелсіздік жылдарындағы сот билігінің дамуына ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, судьялар съездері, Ұлт Жоспарын іске асыру нәтижелері, электронды сот төрелігін енгізу барысы, Жоғарғы Соттың халықаралық қызметі және т.б. Көрмеге барлығы 210 фотосурет пен 50 экспонат қойылған.

Көрме жұмысымен Тәуелсіздік сарайында а.ж. 7 қазанға дейін, яғни Қазақстан Республикасы судьяларының VII съезі өтетін күнге дейін танысуға болады. 

Соңғы жаңалықтар