Астанада cән индустриясының мамандары бас қосады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада World Beauty Astana 2016 сұлулық және сән байқауының әлемдік гранд-финалында ең үздік дизайнерлер, модельдер және cән индустриясының сарапшылары бас қосады. Байқау 2-6 қараша аралығында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді.

Қала әкімдігінің сайтының хабарлауынша, шараға 6-дан 28 жасқа дейінгі әлемнің 30 елінен 75 қатысушы және 50 қазақстандық дарын қатысады. Сұлулық, модельдер мен дизайнерлер арасындағы байқаулардың жеңімпаздары өзара сайысқа түседі.

«Елордадағы фестиваль - барлық шаралардың қорытындысы. Бас жүлде - жобаның әріптесі, танымал кутюрье Пьер Карден ұйымдастыратын Париждегі сән дарындарының фестиваліне қатысуға 4 сертификат, сондай-ақ, Мәскеудегі сән апталығына да сертификаттар бар, ал Қазақстан Суретшілер одағы өз номинацияларын әзірлеуде», - деді INKARSEZIM corporation президенті Гүлнәр Жүнісова.

World Beauty сұлулық және сән байқауының негізі 2006 жылы Америкада қаланған. Әлемдік гранд-финалдары АҚШ-та, Италияда, Францияда, Кореяда, ал өткен жылы Вьетнамда ұйымдастырылған. Астанада фестиваль аясында сұлулық пен дарын (қыздар мен жігіттердің арасында) байқауы, сәнбикелер, модельдер, дизайнерлер және визажистер конкурстарын өткізу жоспарланған. 

Соңғы жаңалықтар