«Астана Опера» театрының жетекші солистері элегия кешін өткізеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана Опера» театрының жетекші солистері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Дина Хамзина (меццо-сопрано) мен Талғат Мұсабаевтың (баритон) қатысуымен 26 қазанда театрдың Камералық залында «Элегиялық көңіл-күй» атты камералық музыка кеші өтеді.

Театрдың баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Bel Canto музыкалық салоны» аясында өтетін концертке, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мақпал Бекмағамбетова (скрипка), халықаралық байқаулардың жеңімпазы Асқар Мұқанов (виолончель) қатысады. Фортепиано партиясында - халықаралық байқаулардың жеңімпазы Салтанат Ақбасова мен Раушан Бескемпірова.

Элегия - көне заманнан келе жатқан поэзиялық-лирикалық музыка жанры. Бұл адамның ішкі көңіл-күйінен терең сыр шертіп, жан дүниесіндегі мұңын жеткізетін сезімге толы, романтикалық шығарма. Көптеген өлеңмен жазылған элегиялар әйгілі романстарға айналған. Аспапты элегиялар да үлкен танымалдылыққа ие.

Қазақстандық опера жұлдыздарының орындауында П. Чайковскийдің - «Отчего», «Благословляю вас, леса», «Средь шумного бала», «Хотел бы в единое слово» және Н. Римский-Корсаковтың - «На холмах Грузий», «Редеет облаков летучая гряда», «Пленившись розой соловей», «О чем в тиши ночей» сынды тыңдарманның сүйікті романстары орындалады. Сондай-ақ, көрермен назарына   П. Чайковскийдің «Pezzo capriccioso», «Размышление», «Мелодия», «Скерцо», С. Рахманиновтың «Элегическое трио», Г. Форенің «Элегиясы» сынды камералық-аспаптық шығармалар да ұсынылады.

Соңғы жаңалықтар