Астана мен Алматыда 3G байланыс жиілігі іске қосылды - «Кар-Тел» ЖШС

None
None
АСТАНА. 23 қараша. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - «Кар-Тел» ЖШС ұялы байланыс операторы Астана және Алматы қалаларында 3-інші буындағы байланыс желісінің (3G) іске қосылғандығын хабарлады.

«Билайн» атауымен белгілі байланыс операторы Астана мен Алматы қалаларында орналасқан 3G базалық стансысын әзірше сынақ режімінде қосып отыр. Желі коммерциялық тұрғыда толығымен 1 желтоқсаннан бастап пайдалануға беріледі. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі мен «Кар-Тел» компаниясының өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында мәлім етілді.

3G байланысы арқылы жылдамдығы жоғары интернетке қол жеткізіледі. Сондай-ақ video-on-demand (VOD) секілді жаңа қызмет түрлерін пайдалану мүмкіндігіне ие боламыз. 3G-дің мәліметтерді жеткізу жылдамдығы өте жоғары 144 кбит/секундтан 7 Мбит/секундқа дейін жетеді. Компания аталған жобаның бастапқы кезеңінде 20 млн. теңге жұмсаған.

«3G - телемедицина, бизнес, қашықтықта білім беру көптеген салалардың дамуына серпін беріп, қоғам өмірін интернеттендіруге үлесін қосады», дейді «Кар-Тел» ЖШС Бас директорының бірінші орынбасары, техникалық директор Тұңғышбек Батталханов.

ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі ұялы байланыс операторларына Қазақстан аумағында 3G байланысын ұсынуға уақытша рұқсатнамалар берген болатын. «Ең бірінші біз ЕҚЫҰ Саммиті мен Азияда ойындарының қарсаңында Астана және Алматы қалаларында 3G байланысын өрістетулеріне мүмкіндік беріп отырмыз. Бүгінгі күні бұл мүмкіндікті ұялы байланыс компаниялары сәтті қолданып жатыр. Бүгіндері «Кар-Тел» компаниясы, жақын арада kcell компаниясы да 3G стандарттарына сай ресурстарды ұсынбақ», деп атап көрсетті ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі Байланыс және ақпараттандыру комитетінің төрағасы Ризат Нұршыбеков.

Оның айтуынша, 3G стандартын өткізу үшін радиожиілікті пайдалануға төленетін төлемақы көлемі анықталды. Ұялы байланыс операторлары радиожиілік үшін біржолғы төлем көлемі 5 млрд. теңгені құрайды деп күтуде, сонымен қатар Салық Кодексіне сай радиожиілікті пайдаланғаны үшін жылына 500 млн. теңге салық тағы бар.

Соңғы жаңалықтар