Алматыда 2017 жылғы Универсиадаға еріктілерді іріктеу басталды

None
None
АЛМАТЫ.ҚазАқпарат - Алматыда 2017 жылғы 28-ші қысқы Универсиадаға еріктілерді іріктеу басталды.

Алматыдағы Жоғарғы оқу орындары дирекция қызметкерлері алдағы халықаралық жарыстың еріктілер қозғалысы туралы таныстырылымын жасайтын болады. 

Еріктілерді іріктеудің негізгі кезеңі бүгін, 27 қыркүйектен басталды.

Қазіргі уақытта, Алматыдағы университеттерде Универсиаданың еріктілер қозғалысы туралы таныстырылымдар өткізіліп жатыр.

Шаһардағы алдыңғы қатарлы ЖОО-лармен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалған. Бұдан бөлек, Универсиада сайтында өтініштер қабылдау жалғасуда. Алдағы уақытта үміткерлер бұқаралық, мәдени, спорттық және де басқа шараларға тартылады.

«Универсиадаға дайындық барысында еріктілер тренингтерден өтіп қана қоймай, олардың көшбасшылық және ұйымдастырушылық қасиетін дамыту үшін түрлі командалық ойындар, спорттық нысандарда квестер ұйымдастырамыз. Еріктілерді тартуда бізге қазақстандық әртістер мен шоу-бизнес өкілдері көмектесіп жатыр», - деді 2017 жылғы Универсиадаға дайындалу мен өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Камила Лұқпанова.

Дирекция мәліметінше, 2017 жылғы Универсиадаға әсіресе, Ресей, Германия,  Беларусь, Польша, Корея, Қытай, АҚШ, Ұлыбритания және Қырғызстаннан халықаралық еріктілер қызығушылық танытып отыр.

«2017 жылғы Универсиада кезінде 100 халықаралық еріктіні жұмылдыруды жоспарладық. Олардың барлығы кез келген ауа-райына арналған спорттық киіммен, тамақпен, ұялы байланыспен қамтамасыз етіліп, қалада көлікпен еркін жүруіне мүмкіндік жасалады. Ерікті болғысы келетін кез келген адам «almaty2017.com» сайтына кіріп, анкета толтыра алады», - деді  2017 жылғы Универсиадаға дайындалу мен өткізу дирекциясы басшысының орынбасары.

Айта кетейік, 27 қыркүйектегі мәліметтерге сәйкес, Универсиаданың ресми сайты арқылы 5000-нан астам үміткерлер тіркелген. Оның 1300 өтініші Алматы қаласы ЖОО-ның студенттерінен келген.  Жалпы, Универсиаданы ұйымдастыруға 3 мың ерікті тартылмақ. Универсиада кезінде еріктілер 30 функционалды бағытта қызмет атқарып, Алматыға келген спортшыларға, бапкерлерге, делегаттарға және туристерге қажетті қызметті ұсынады. 

Соңғы жаңалықтар