Алматы облысында 230,2 млн теңге жалақы берешегі қайтарылды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облыстық мемлекеттік еңбек инспекторлары 2016 жылдың 8 айында мекемелерде жұмысшылардың арыз-шағымдары мен прокуратураның талап-хаттары бойынша жоспардан тыс 318 тексеру жүргізген. Нәтижесінде 810 заң бұзушылық анықталды, оның ішінде еңбек қатынастары бойынша 446, еңбек қауіпсіздігі бойынша - 271, жұмыспен қамту бағытында 93 заң бұзушылық тіркелген.

Мәліметтерге қарағанда, есепті кезеңде еңбек инспекторлары әкімшілік жауапкершілікке 338 лауазымды тұлғаны тартып, заңды тұлғаларға 13 млн 659 мың теңге мөлшерінде айыппұл салған.

Жыл басынан мемлекеттік еңбек инспекторлары 54 мекеме мен кәсіпорындардың 985 қызметкер алдында 230,2 млн теңге жалақы қарыздары барын анықтады. Аталған мекемелердің басшыларына еңбек заңнамасы талаптарының бұзылуын жою мақсатында 50 ұйғарым беріліп, 6,7 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Нәтижесінде 230,2 млн теңге жалақы қарыздары жабылып, 985 адамның құқығы қорғалды.

Сонымен қатар, өткен 8 айда облыс кәсіпорындарында өндіріске байланысты 19 жазатайым оқиға орын алған. Мамандардың айтуынша, оқыс оқиғалардың басым бөлігі жұмыс берушілер мен жұмыс өндірісін ұйымдастырушылар тарапынан және зардап шегушілердің өздерінің еңбек қауіпсіздігі жағдайларына немқұрайды, жауапсыз қарауы және елемеушілік салдарынан болады.

«Тұтастай алғанда Алматы облысында еңбек қатынастарының жағдайы тұрақты. Жұмыс беруші, кәсіподақ және қызметкерлер арасындағы қарым-қатынас реттелген. Нәтижесінде облыс бойынша еңбек даулары орын алған жоқ», - деді Жұмағали Әлібаев.

 

Соңғы жаңалықтар