Әлеуметтік желідегі видеодан кейін Қапшағайдың әкімі жұмыстан кетті

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қапшағай қаласының әкімі Сәтжан Қиқымов жұмыстан кетті. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне Алматы облыстық әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қапшағай қаласының әкімі Сәтжан Қиқымовтың азаматтарды қабылдау барысында келушілердің бірімен дөрекі сөйлескен видеосы жарияланған еді. Әлеуметтік желіде таралған бейнетаспадан кейін әкім жұмыстан өз еркімен кету жөнінде өтініш жазғаны айтылған болатын.

Сонымен қатар, Қапшағай әкімі Сәтжан Қиқымов пен оның алдына келушілердің арасындағы әңгіме түсірілген даулы бейнеролик бойынша тексеру Алматы облысы әкімдігінің бақылауына алынған болатын.

«Қапшағай қаласының әкімі Сәтжан Қиқымовтың қызметтік әдеп нормаларын бұзуына байланысты, бұл оқиға Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №152 Жарлығымен бекітілген мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану ережелерінің 25-тармағына сәйкес Алматы облысы әдеп жөніндегі кеңестің қарауына жіберілді. Оны қарау нәтижесі туралы қосымша хабарланады», - делінген ақпар хатта.

Соңғы жаңалықтар