ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Клинтон мен Трамп текетіресі, Париждегі көлік шоуы және Нью-Джерсидегі теміржол апаты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан аптада әлемдік қауымдастық америкалық тарихта рейтингісі ең жоғары болған саяси шоу - Трамп-Клинтон арасындағы телевизиялық дебатты талқылауда. Сонымен қатар Нью-Джерси қаласында Хобокен стансасында орын алған теміржол апаты да елеулі оқиғалардың бірі ретінде әлем халықтарының назарына ілігіп отыр. Онда қалааралық электр пойызы үлкен жылдамдықпен қоршауды бұзып, вокзал платформасына соғылған. Өз кезегінде Парижде әлемнің ең ескі халықаралық автосалоны алғашқы келушілерін күтіп алуға дайын. «ҚазАқпарат» жылдың ең басты автошоуларының бірінде ұсынылатын ең үздік премьераларды таңдап, назарларыңызға ұсынады.

АҚШ президенттігіне үміткер кандидаттар алғашқы дебаттарға қатысты

Дүйсенбі күні Нью-Йорк штатының Хемстед қалашығындағы Хофстра Университетінде АҚШ президенттігіне үміткер кандидаттар алғашқы дебат өткізді.

Республикалық партия атынан сайлауға қатысып отырған Дональд Трамп пен Демократиялық партияның өкілі Хиллари Клинтон бір жарым сағатқа жуық уақыт бойы АҚШ-тың ішкі және сыртқы саясатына қатысты мәселелерді талқылады.

Дебаттың алғашқы раундын тамашалаған көрермен саны рекордтық көрсеткіштерге жетті.

Nelson компаниясының есебі бойынша, 13 ұлттық кабельдік желі арқылы және PBS қоғамдық телевизиясы бойынша саяси пікірталасты 84 млн адам тамашалаған, бұл соңғы 36 жылда тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Статистикаға интернет көрсетілімдер мен қоғамдық орындарда трансляцияланы тамашалаған адам саны кірмей отыр. YouTube видео-хостингін басқаратын Alphabet компаниясы, онлайн арқылы дебатты 2 миллионнан астам адам тамашалағандығын хабарлады.

Бастапқыда кандидаттар елдегі экономикалық мәселелерге ден қойған болатын. Хиллари Клинтон салық шкаласының қарқынды болуын және ірі бизнес үшін салық ауыртпалығын молайтуды қостайтындығын айтқан болса, Дональд Трамп, керісінше, байлар үшін салық салуды жеңілдету керектігін айтып, бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді деп түсіндірді.

Сонан соң, дебат ауаны Құрама Штаттардың қол қойылған немесе болашақта жасалуы ықтимал сауда келісімдеріне қарай ойысты. Дональд Трамп Билл Клинтон мен Барак Обаманың демократиялық әкімішілігі атқарып келе жатқан экономикалық саясатты сынады. Республикалық партияның атынан шыққан кандидат жақында Транстынықмұхиты сауда келісімі аясында Мексика және Канада арасында қол қойылған келісім, сонымен қатар Қытай саудасына неғұрлым жақсы жағдайлар жасау Вашингтон үшін тиімді емес екендігін жайып салды. Хиллари Клинтон қарсыласына Билл Клинтон басқаруы кезінде жасалған сауда келісімдері АҚШ экспортын 30 пайызға молайтуға септігін тигізгендігін еске салды, кейін республикалық партия атынан сайланған кіші Джордж Буш президенттігі барысында оның қайта құлдырауына әкелгендігін де тілге тиек етті.

Ұстамды репликалар көпке созылмады. Дебат қатысушылары уақыт өте келе бір-бірінің жеке кемшіліктеріне назар аудара бастады. Дональд Трамп Хиллари Клинтонның «өмірлік қуаты» аз екендігін айтып, өз оппонентін мұқатқан, алайда демократтар атынан сайлауға қатысып отырған Клинтон Трампқа «112 мемлекетті шарлап», Конгрессте тапжылмастан «11 сағаттық есеп беріп көруін» ұсынып, содан соң ғана оның өмірлік қуатының қаншалықты жеткілікті екенін сөз етуге кеңес берді. Бір-бірін кекету салық мәселелерін талқылау кезінде де жалғасты. Клинтон Трампты жеке салық декларацияларын жалпақ жұрттың игілігіне айналдырғанын кемшілік санаса, Трамп Клинтонның АҚШ мемлекеттік хатшысы лауазымын атқару кезінде электронды хаттарды үй компьютері арқылы жібергенін, бұл өз кезегінде қызметтік ережелер мен қауіпсіздік нормаларын бұзу деп шағымданды.

CNN телекомпаниясы мен Opinion Research Corporation әлеуметтану қызметінің жүргізген сауалнамасы бойынша, респонденттердің 62%-ы Клинтон жеңді деп санайды, 27 пайызы Трампқа басымдық берген.

«Хиллари Клинтон республикандық қарсыласының парша-паршасын шығарып салды. Іс білуімен, өткір-өткір сөздерімен және тартымды бітімімен ол жүз миллиондық аудитория алдында, Трамп өз аргументтерінің мағынасыздығын кеміту мен ұрсудың арқасында жасыра беретін болса, оның жағдайы ауыр болатындығын дәлелдеп берді», - дейді Вашингтондағы Deutsche Welle тілшісі Инеса Поль.

The New York Times тілшісі, Пулитцер сыйлығының үш дүркін иегері Томас Фридман, «Клинтонның саясатқа деген қарабайыр, либеральды және орталықтандырылған көзқарастарынан тәнті еместігін» жеткізді. Дегенмен оның ойынша, Клинтон Трампқа қарағанда, «жауапты әрі байыпты ойлармен есте қалды».

«Трамп өзгерістерді уәде етті, бірақ бұл өзгерістер салық төлейтін адамдарды ақымаққа теңеген, аудитория алдына еш дайындықсыз, нақты дәлел-жоспарсыз келіп, маңызды мәселелерді сіздің есі кеткен көкеңізден ары аса алмаған, және оның бұл қылығы жауапсыз қалатынына сенетін адаммен жасалатын болса, ондай өзгерістердің құны бір-ақ тұтам», - деп атап өтті Фридман.

Айта кетейік, бұл Трамп пен Клинтон арасында өткен дебаттың бірінші раунды ғана. Келесі дебаттар кандидаттар арасында 9 және 19 қазанда, Демократиялық және Республикалық партиялардың вице-президенттері арасындағы дебат 4 қазанда өтеді деп жоспарланған.

Нью-Джерсидегі теміржол апаты

АҚШ президенттігіне үміткер кандидаттардың дебаттарын талқылау аптаның орта тұсына дейін қызу жүрді, бірақ бейсенбі күні Нью-Джерси штатының Хобокен қалашығында орын алған теміржол апаты әлем назарын өзіне тартты.

Куәгерлердің сөзі бойынша, пойыз жылдамдықты түсірмей вокзалдағы платформаға және күту залына келіп соқтығысқан. Нәтижесінде ғимараттың темірден қүрылған бөлігі опырылып түсті. Әлеуметтік желілердегі видеоларда пойыз вокзалдың күту залы мен платформасына соғылғаны, қатты соққыдан ғимараттың бір бөлігі қирағаны көрініп тұр. Нью-Джерси губернаторы Крис Кристи апат салдарынан 34 жастағы әйел көз жұмғандығын хабарлады. Марқұм болған азаматша пойыз вокзалға келіп соқтығысардың алдында платформада тұрған.

«Бұл өте үлкен қайғы біз үшін, қаза тапқан әйелдің туған-туыстарына көңіл айтамыз. 108 адам түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізлді», - деді Кристи.

Биліктің таратқан мәліметтері бойынша, пойыз вокзалға жақындар тұста жылдамдықты бәсеңдетуі тиіс болған, алайда белгісіз себептермен ол жасалмаған және соның салдарынан пойыз вокзал платформасына жоғары жылдамдықпен соқтығысқан.

«Бар білетініміз - пойыз стансаға өте жоғары жылдамдықпен келген», - деді губернатор, алдын ала болжам жасауға асықпауды сұрап.

Оның атап өткеніндей, пойыз машинисі Томас Галлахер ауыр жарақат алды және ауруханаға жатқызылды, бірақ соған қарамастан, «тергеумен белсенді жұмыс жасауда».

Галлахердің бұл қызметте 29-жылдық жұмыс тәжірибесі бар. Оның 18 жылын ол машинист қызметін атқарып келді. Оның көршілерінің сөзінше, Галлахер өте керемет адам, өз жұмысын жақсы көретін, отбасының сыйлы отағасы екендігін айтуда және оның адам өліміне алып келген апатқа қатысы барын естігенде таңырқағандарын жасырған жоқ. АҚШ президенттігіне үміткер кандидаттар да аталмыш оқиғадан тыс қалмады. Хиллари Клинтон Айова штатында жергілікті сайлаушылармен кездесуі барысында апатты «жантүршігерлік қайғылы оқиға» деп атады және Нью-Йорк штатынан болғандықтан, мұны өзінің жеке қасіреті ретінде қабылдағандығын мәлім етті.

Республикалық партия атынан сайлауға қатысып жатқан танымал америкалық миллиардер Дональд Трамп өзінің Туитердегі микроблогында апат болған жерде тынбай еңбек етіп жатқан құтқарушыларға қолдау білдірді.

Қазіргі уақытта аталмыш оқиғадан кейін пойыз қозғалысы шектелді. Өткен ғасырдың басында салынған стансаға әжептәуір зақым келгендіктен, оны қайта пайдалануға беру мерзімі толық тексеру өткізілгеннен кейін белгілі болады.

Халықаралық Париж автосалоны

Париж алдағы екі аптаға автомобиль нарығының астанасына айналады - 1 қазанда бұнда Халықаралық Париж автосалоны өз жұмысын бастайды. Дәстүр бойынша, осы сала мамандары мен журналистері үшін автосалон есігі сәл ертерек ашылды.

Париж автосалоны 2 жылда бір рет өткізілетін елеулі оқиғалардың бірі. Ең алғашқы автосалон француздық автомобиль өнеркәсібінің атасы Альбер де Дионның бастамасымен 19 ғасырдың соңында Тюильри бағында өткізілген болатын. Халықаралық автоөнеркәсіптің ең соңғы жобалары таныстырылатын беделді автосалон қазіргі уақытта ең танымал автомобиль шоуларының біріне айналды. Екі жыл бұрын халықаралық автосалонға 1,2 миллион адам келген. Дәл осы жерде барша әлемге аты танымал Citroen CV2, Porsche 911, Plymouth Baracuda мен Volkswagen Golf көлік модельдерінің алғашқы таныстырылымы өткен еді.

Франция астанасында жалпы 40-тан астам автомобиль маркалары таныстрылады деп жоспарлануда. Биыл көрмеге Aston Martin, Bentley, Ford, Lamborghini, Mazda, Rolls-Royce және Volvo компаниялары қатыспайтын болды. Анықталғанындай, бұл автоөндірушілер Францияда мысы басым жергілікті маркалармен бәсекелесу мүмкін емес деп санайды және олардың пікірінше, сатып алушылардың артуына мұндай көрмелер аз ықпал етеді. Сондықтан автосалонға қатысудың олар үшін еш пайдасы қалмады.

Бұл көрмеде ең көп ұсынылған премьералардың ішінде SUV - жол талғамайтын көліктер мен кроссоверлер болды. Қазіргі уақытта ірі компаниялар көліктің осы түріне үлкен мән бере бастады. Автошоуға келген жұрт ең алдымен Skoda Kodiaq кроссоверінің таныстырылымын тамашалады. Былтыр чехиялық бренд Женевада өткен автосалонда VisionS концептісін таныстырған еді. Енді бүгін жаңа модельдің сериялық нұсқасы Skoda Kodiaq ел назарына ұсынылды.

Британдық марка Land Rover аталмыш шоуда жеті орындық Land Rover Discovery жол талғамайтын көлігін таныстырды. Оның қаңқасы алюминийден жасалғандықтан 480 келіге дейін жеңілдеген. «Ровердің» жаңа буыны көз тартады. Өзгерістер оның жол талғамайтын қасиеттерін кеміткен жоқ.

Париж автосалонында 2017 жылғы Audi Q5 моделі де алғаш рет жұртшылық назарына ұсынылды. Сырт келбеті соншалықты үлкен өзгерістерге бой алдырмағанымен, бұрынғы моделіне қарағанда, аздап кеңейтілген, дегенмен оның салмағы керісінше, 90 келіге жеңілдеді.

Lexus компаниясы автосалон аясында үш бірдей моделін алып келді. Жапондық премиум санаттағы көлік маркасы Lexus UX Concept кроссоверінің прототипін көрсетті. Сондай-ақ Lexus LC купесі мен Lexus NX Sport Edition кроссоверін таныстырды.

Автомобиль құрастыру саласында электрокарларға да үлкен маңыз беріліп келеді. Оны автосалонға әкелінген жаңа концепттердің санынан-ақ байқауға болады.

Ferrari инженерлері LaFerrari атты супергибридті ұсынды. Жаңа көлік Aperta деген атауға ие болды. Суперкар тиражы 200-ге таяу болмақ, ал бағасы 2 миллион доллардан асады деп күтілуде.

Porsche де өзінің Panamera 4 E-Hybrid деген атаумен жартылай электрқозғалтқышы бар көлігін таныстырып отыр. Онда 2,9 литрлік V-6 твин-турбо моторы мен 136 ат қуаты бар электрқозғалтқышы орнатылған. Сағатына 100 шақырым жылдамдықты 4,6 секундта бағындырады.

Автошоуға, сонымен қатар, Mitsubishi GT-PHEV Concept жол талғамайтын көлігі әкелінді. Аталмыш көлікке де гибридті қозғалтқыш орнатылып отыр. Ол қуатты қарапайым электржелілерден ала береді және жанар-жағармайсыз 120 шақырым жолды еңсере алады. Жанар-жағармай мен электр қуатының арқасында ол 1200 шақырымды оңай бағындырады. 

Адамдардың тағатсыздана күткен таныстырылымдардың бірі - Mercedes-Benz маркасының Generation EQ концепт-кары болды. Ол Tesla Model X электркөлігінің ең қауіпті бәсекелесі деп танылды. Аталмыш көлік сериялық шығарылымға 2019 жылдан бастап шығарылады.

Mercedes компаниясының сендіруінше, аталмыш электрокардың қуаты 600 шақырымға дейін жетеді. қуаты 300 кВт болатын арнайы құрылғы арқылы көлікті қуаттап алуға болады. 5 минут қуат алған қозғалтқыш тағы жүз шақырымды еңсере алады.

Бұдан кейін, компания E-Class Estate All-Terrain жол талғамайтын көлікті таныстырды. Нарыққа 2017 жылы шығатын бұл модель Audi A6 Allroad және жақында таныстырылған Volvo V90 Cross Country көліктерімен бәсекелес болады деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар