Ақсай қаласында тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай бірнеше жаңа нысан ашылады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов жұмыс сапарымен Бөрлі ауданында болды.

Өңір басшысы алдымен Ақсай-Бөрлі-Жымпиты күре жолын жөндеу барысымен танысты. Аталмыш жолдың 12 шақырымына орташа жөндеу жүргізіп жатқан мердігер ұйым «Елжас» ЖШС директоры Амангелді Рысқалиев жұмысты 1 қарашада бітіру жоспарланғанымен, оны мерзімінен бұрын, 15 қазанда аяқтау көзделіп отырғанын жеткізді. Мұнда жол қазірдің өзінде дайын деуге болады. Сонымен қатар автожолдың екінші бөлігін (26-38 шақырым) «Перспектива КАН» ЖШС ретке келтіруде. Оның тапсыру мерзімі - 10 қараша, мұнда да жұмыстың басым бөлігі атқарылған. Облыс басшысының атап өткеніндей, «ҚПО б.в.» компаниясы аталған жол құрылысына өңірдің әлеуметтік жобаларына жыл сайын қаралатын 20 млн. АҚШ долларынан тыс қаржы бөлді. Бұған облыс әкімдігі мен компания басшылығы арасындағы келісім арқасында қол жеткізілді. Ендігі міндет - жұмысты сапалы бітіру.

null null  

Березов және Бестау ауылдары тұрғындарын көшіруге байланысты Ақсайға іргелес Аралталда 100 үйдің салынып жатқаны белгілі. Оның жартысын «Марасант» ЖШС, қалғанын «Строительная инициатива» ЖШС тұрғызуда. Бұл үйлердің құрылысын аяқтау биылғы желтоқсанға жоспарланған. «Строительная инициатива» ЖШС өндіріс жөніндегі директорының орынбасары Жандос Бермағамбетовтің айтуынша, жұмыс 70 пайызға біткен. Күні бүгін кәріз, су құбырларын, электр желілерін тарту сынды істер атқарылуда.

Алтай Көлгінов аялдаған нысанның бірі - Ақсай қаласында бой көтеріп жатқан 320 орындық балабақша ғимараты. «УральскСтройИнвест» ЖШС балабақшаны жаңа жылға қарай пайдалануға бермек. ЖШС директоры Алексей Безьяновтың мәлім еткеніндей, нысанда 87 жұмыс орны ашылған. Қазірдің өзінде балабақшада терезе қондыру, басқа да ішкі жұмыстары басталған. «Бұл балабақша ақсайлықтардың ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына лайықты тартуы болмақ», деді облыс басшысы.

null null  

Алтай Көлгінов дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысында да болды. Атыраулық «АТК» ЖШС салып жатқан, құны 866,526 млн. теңгеге бағаланған кешенде 1200 орындық стадион, жазғы волейбол, баскетбол алаңдары, тұрғындар спортпен айналысатын басқа да орындар болмақ. Өңір басшысы кешенді жыл соңына дейін аяқтау керектігін ескертті.

Сол секілді Ақсайдағы 1, 4 және 5-шағынаудандар тұрғындары үшін жаңа қазандық салынуда. «КСG» ЖШС жүзеге асырып жатқан жоба бойынша қажетті газ, электр, су және кәріз желілері тартылып, әрқайсысы 10 мВт төрт қазандық жұмыс жасамақ. Бұл нысан да жыл аяғында мәреге жетпекші.

null null  

Сапар соңында Алтай Көлгінов кейбір нысандардың кестеден қалып келе жатқандығын, сондықтан жұмыс қолын көбейтіп, қажет болған жағдайда қосымша мердігерлер тарту қажеттігін атап көрсетті.

«Елбасымыздың қолдауымен Бөрлі ауданындағы құрылыс нысандарына қаржы барынша мол жұмсалып, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Бұл жергілікті халық үшін аса маңызды. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жаңа нысандарды сапалы салып, тапсыруымыз керек», деді өңір басшысы. 

null  

Соңғы жаңалықтар