Агенттік мансапқор мемлекеттік қызметкерлер жұмыс істейтін министрліктерді атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл еліміздің мемлекеттік аппаратында меритократия қағидалары, яғни мемлекеттік қызметкерді оның жеке қабілеттерін бағалау негізінде жоғарылату шаралары іс жүзінде қолға алына бастады. Осының арқасында мансапқор мемлекеттік қызметкерлердің саны артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Енді, мемлекеттік қызметкерлер тек конкурс нәтижесі бойынша ғана көтеріле алады. Оған қоса, үміткердің төменгі сатыдан бастап, жаңа қызметке дейінгі еңбек тәжірибесі болуы шарт. Бұрын бастықтар өзінің сенімді адамдарын конкурссыз тағайындаса, қазір ондай әрекеттерге жол берілмейді. Себебі мансаптық өсу тек төменгі қызметтен ғана басталады. Бұл - басты талап» - дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шаимова.

Оның мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері 3 163 мемлекеттік қызметкер төменгі сатыдан жоғары қызметке көтерілді. Аталған көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда, үш есеге артық болып тұр.

Мансапқор қызметкерлердің басым бөлігі ҚР Ұлттық экономика министрлігінде, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарында жұмыс істейді.

«Қазірдің өзінде мемлекеттік органдарда бос тұрған бір вакансиядан үміткер азаматтардың саны 5-ке дейін артты. Мәселен, Инвестициялар және даму министрлігінде бір қызметке 6 адам таласып отыр. Бұл - өте жақсы көрсеткіш», - деп атап көрсетті А.Шаимова.

Соңғы жаңалықтар