Әдеп кодексі туралы бірер сөз

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Судьялардың Әдеп кодексі «Судьяның мінез-құлқының әдеп қағидаттары», «Кәсіби міндеттерін атқару кезіндегі судьялар мінез-құлқының әдеп қағидалары», «Судьяның отбасы мен тұрмыстағы мінез-құлқының әдеп қағидалары» атты тараулардан тұрады.

Төрт жыл сайын ұйымдастырылатын судьялар съезі биыл кезектен тыс өткізіліп, судьялардың жаңа Әдеп кодексі қабылданған. Жаңа Кодекстің жобасы - бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының №19 қадамын орындау мақсатында  Венециялық комиссия сарапшыларының, сот корпусы мен құқықтанушы ғалымдардың ой-пікірлері мен көзқарастары және басқа да халықаралық құжаттардың ережелері негізінде әзірленген.  

Бұл Әдеп кодексі заман талабына сай судьяларға қойылатын жаңа талаптардың қатаңдығын аңғартады. Мұндағы басты мақсат - азаматтарды әуре сарсаңға салмай, сот әділдігіне қолжетімділікті арттыру болып табылады.  

Егер, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына назар аударсақ, біз олардан судьялар тарапынан жасалатын кейбір әрекеттерге тікелей тыйым салынатыны жөнінде талаптар мен санкцияларды  таба алмаймыз. Ал, «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңында әдеп мәселесіне байланысты көптеген мәселелерқамтылған және олардың барлығы сот қызметінің өз міндеттерін жүзеге асыру барысында маңызды болып табылады. 

Әдеп кодексінің басты мақсаты - Қазақстан қоғамында судьялар туралы, яғни, сот билігі саласының өкілдері туралы оң пікір қалыптастыру. Әрбір адамның жағымды бейнесі оның тек кәсіби қасиеттерімен ғана өлшенбейді. Сол себепті сөз болып отырған кодекстің басты міндеттерінің бірі - сот саласы қызметкерінің мінез-құлқының  және өзге адамдармен қарым-қатынасының оңды болуын қамтамасыз ету. Мысалы құжатта «судья өзінің  абырой-беделін түсіретін  орындарға барудан қашқақтап жүру қажет» деп айтылған. Ол судья көңіл көтеретін орындардан аулақ жүруі қажет екенін білдіреді. Себебі, судьяның бүгінгі келбеті ондай орындармен сәйкеспейді.  

Судья, өзінің айналасындағы адамдарға жалған сөз айтып, өркөкіректік, мақтаншақтық, біреуге менсібей қарау сияқты мінез-құлқымен көзге түссе - ол сот органдарының беделіне нұқсан келтіреді.   

Жаңа Кодекс қоғамда судьялар туралы, яғни сот билігі саласының өкілдері туралы оң пікір қалыптастырып, мінез-құлық ережелерін бекітіп қана қоймай,  судьяларды  қорғау тетіктерін де қарастырған.

Сөз соңында айта кететін мәселе - судьялардың Әдеп кодексінің көздегені - судья  қызметінен тыс кезде де өзінің адалдығына, ар-ұятына, әдептілігіне қатысты жұрттың күмәнін тудырмау. Оның әрекеттері, қылықтары және жүрісі судья деген атаққа кір келтірмеуі және сот билігінің беделін түсірмеуі қажет.   

Алматы қаласы Медеу ауданының №2 аудандық сотының судьясы Байдаулетова Анина Толегеновна

Соңғы жаңалықтар