2018 жылдан мемлекеттік қызметкерлер жалақысын балдық межемен алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылы мемлекеттік қызметкерлердің еңбегін төлеудің факторлы-балдық межесі енгізіледі.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатындағы дөңгелек үстелде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Нәтиже бойынша еңбекті төлеуді енгізу тетіктерінің бірі ретінде 2018 жылы факторлы-балдық меже болмақ. Қолданыстағы тарифтік кестеден айырмашылығына тоқталатын болсақ, факторлы-балдық жүйе орындалатын қызметтің ауқымын, жауапкершілігін және күрделігін ескере отырып, төлем жүйесін түзеді»,-деді А. Шайымова.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде жұмыс нәтижесі үшін жауапкершілікті арттыру үшін мемлекеттік қызметкердің жұмысының тиімділігін бағалау жүйесі енгізілді.

«А» корпусындағы мемлекеттік қызметкердің жұмысын бағалау жыл сайынғы келісім басымдықтарын жүзеге асыруға негізделген «А» корпусы қызметкерін алғашқы бағалау биылдың желтоқсанында жүрігізіледі.

«Б» корпусы мемлекеттік қызметкерінің жұмысы жеке жоспар көрсеткіштері жетістіктерінің негізінде тоқсан сайын бағаланады. Биыл екі аралық бағалау іске асырылып, бұл ретте тиісті нәтижелер айқындалды.

А. Шайымованың сөзіне қарағанда, бұндай бағалаудан 64,5 мың қызметкер өткен көрінеді. Осы ретте «өте жақсы» бағасын мемлекеттік қызметкерлердің 63 пайызы, «жақсы» көрсеткішін - 11 пайызы, ал «қанағаттанарлық» бағасын қызметкерлердің 26 пайызы алды. 

Соңғы жаңалықтар